Азаматтық белсенділер Әлнұр Ильяшев (суретте сол жақта) пен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевтың (суретте оң жақта) тұтқындалуына қатысты көзқарасын айтып, пікір білдірушілер көп. Әркім өзінің әлеуметтік парақшасы арқылы ойын айтуда. Соның бірі – саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.
Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:
– Карантинде Альнур Ильяшевтың, Арман Шораевтың және бірнеше саяси белсендінің құқығының аяққа тапталуын көріп “Президент Тоқаев байғұс НСОД арқылы реформа жасағысы келеді-ақ, бірақ оған жасатпай отыр”, “Жылымықты жоққа шығаруға болмайды”, “Қос президенттің арасында билікке талас сұмдық жүріп жатыр” деген иллюзиядан арылғандардың саны кейінгі екі-үш күнде артқан шығар деп үміттенемін.
Өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, билікті сынағаны үшін қудаланып жатқан азаматтардың ісі немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Бірақ дәл қазір бір нәрсе анық. “ҚР Тұңғыш президенті-Елбасы туралы” конституциялық заңын орындауға және оның күшін сақтауға Назарбаев әулеті ғана емес, қазіргі режимге қызмет ету арқылы “Форбсқа” кірген олигархтар, саяси және бизнес “элита” атанғандар, шаш ал десе, бас алатын “құқық қорғау” органдарының өкілдері, медаль мен орден үшін жаралған “қоғам қайраткерлері”, пайдасынан зияны көп “зиялы қауым” өкілдері және жағымпаздық, жемқорлық, көзбояушылық пен непотизмсіз өмірін елесте алмайтын адамдардың бәрі мүдделі.
Өзіне отыз жыл бойы тиімді болған ойын ережесінің өзгергенін осылардың ешқайсысы қаламайды. Сол үшін іштен де, сырттан да өзгеріс туралы ой ойлаған, сөз айтқан адамның бәрін аямайды. #BizBirgemiz деп олар өтірік айтып жүрген жоқ. Олар шынымен бірге.
“Мен ҚР азаматымын” деп айтуға қорқатындай бейшара күйге қалай жеттік? Менің ойымша, оның жауабы саяси белсенді А.Ильяшевтің “Құдай және Конституция біздің жағымызда” деген сөзінде жатыр.
Тәуелсіздік жылдарынан бері аузымыздан Құдайдың аты мен Конституция деген сөз түскен емес. Бірақ ісімізбен Құдаймен де, Конституциямен де бірге бола алмай келе жатырмыз. Жыл санап ғибадат орындары мен дінге сенушілердің саны өскенімен, Құдайға жақындай алмадық. Әділеттің жолымен Құдайға қарай жүрудің орнына, ұялмай Құдайдың несібесі деп жемқорлық пен әділетсіздікті норма еттік. Ең сорақысы, Құдаймен бірге болуды “шүкір” мен “патшаға бағыну” деген дүмше түсінікке күрмеп байлап қойдық.
Конституциямен де ешқашан бірге болмадық. Конституцияны өзімізге икемдеп, Ата Заң деп атадық. Бір емес, екі рет Конституцияны қабылдап тастадық. Одан кейін біздің қатысуымызсыз санынан биліктің өзі жаңылысатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. “Конституциядағы өзгерістер туралы не ойлайсыңдар?” деп олар бізден сұрамады. “Әй, Конституцияны не істеп жатырсыңдар?” деп біз де сұрамадық. Расымен де, 80-ге келген кісіні ата дейтін болсақ, 18 миллион азаматтың құқығын қорғауы тиіс Конституцияны әп сәтте атаның және оның айналасының мүддесін қорғайтын заңға айналдырып бердік.
Құдаймен және Конституциямен бірге болуға әлі де болса мүмкіндік бар ма?
Менің ойымша, бар. Ол үшін Құдайға қарай ақиқаттың жолымен жүріп, қорықпай ақты ақ, қараны қара деп айтуға тез арада көшуіміз керек. Ол үшін өтірікке тұншығып қалған азаматтық ар-намысымызды сілкіп оятуымыз керек. Ол үшін дәл қазір конституциялық құқығы тапталып жатқан отандастырымыздың саяси желеумен сотталуына жол бермеуіміз керек. Ол үшін билікті сынағаны үшін қудаланып жатқан, әлі істі болатын азаматтарды жеке тануымыз міндетті емес. Өйткені діни және саяси сеніміне, жасы мен жынысына қарамай жаны өзгерісті қалайтын қазақстандықтардың бәрі мына “болотода” бірге. Ары қарай бірге бату да, “болотодан” бірге шығу да өз қолымызда.
«Болотоға» батпас үшін дәл қазірден бастап саясат маған қызық емес деген ойдан арылуымыз керек. Саясат қазір сізге қызық болмаса, ертең салығыңыздан айлық алып отырған полиция сізді немесе сіздің жақыныңызды еш себепсіз СИЗО-ға апарып тыққанда саясатқа қызығуыңыз мүмкін. Бірақ ол кезде тым кеш болуы мүмкін.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024