16-02-22 |
3120 рет қаралған
«Мықты адвокатурасыз құқықты мемлекет құру мүмкін емес».
«Мықты адвокатурасыз құқықты мемлекет құру мүмкін емес»

Айдын Бікебаев,
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

– Қаңтар қақтығысы бізге көп мәселенің бетін ашып берді. Осы бір қиын сәтте Тәуелсіздігіміз сынға түсті. Одан айрылып қалу қаупі туындады. Егемендіктің, елдің қадірін шын мәнінде сол кезде терең түсіндік. Президенттің батыл қадамы болмағанда, елдігімізді сақтап қалуымыз екіталай еді. Мұндай күрделі кезеңде шұғыл шешім қабылдаудың, тұрғындар қауіпсіздігін сақтап қалаудың қаншалықты қиын болғанын баршамыз түсіндік. Ең бастысы, Президент Қ.Тоқаев сындарлы сәтте үнемі елдің алдында болды, елдің көңіліндегі сауалдарға жедел жауап беріп, халықтың дұрыс қорытынды жасауына ықпал етті. «Халық күш бермес селмен, ырық бермес өртпен тең» дейді бабаларымыз. Ал осы толқыған, буырқанған халық Президент сөзінен кейін ақылға келді, сабасына түсті.
Алаңға шыққандардың ішінде түрлі ниеттегі, түрлі деңгейдегі адамдар болды. Олардың арасында Маңғыстаулықтарды қолдап, өз талаптарымен шыққан бейбіт халықтың атын жамылған қара ниетті бүлікшілер де, арандатуға еріп, бұзақылық жасаған жастар да, содырлар да, елін сүйген бейбіт тұрғындар да болды. Мұндай сәтте кімнің кім екенін ажыратып алу қиынға соқты. Ақырында ең көп зардап шеккен қарапайым халық болды. Абайсызда оқ тиіп қаза болғандар да аз емес. Қаңтар қасіреті ел тарихында өшпес із қалдырды. Қанша шаңырақ азаматынан, жақындарынан айрылып, қайғы жұтып қалды. Бұл қақтығыстан біз үлкен сабақ алуымыз керек. Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясының өзі алаңда айтылған азаматтардың талап-тілегін, ұсыныс-назын шындыққа айналдырудың стратегиялық жоспары.
Ендігі жерде халық Президент идеясының маңайына топтасуы үшін естуші Үкімет өз функциясын мүлтіксіз орындауы керек деп ойлаймын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, монополияға карсы жұмысты нығайтқан жөн. Қосымша жұмыс орындарын, табыс көздерін ашып, халықтың еңбек етуіне жағдай жасау керек. Құқық қорғау органдарындағы заңсыздықтар тергелу керек, кінәлілар сотқа берулі керек, жалпы құқық қорғау саласына түбегейлі реформа жасалу керек. Бұл бүгінгі таңдағы кезек күттірмес мәселенің бірі. Бүлікке қатысыа қылмысы дәлелденгендер, сотталсын, сот үкімімен жаза тағайындалсын. Құқықтық мемлекетте заңды бұзғандар (полиция немесе бұзақылар болсын, содыр не үлкен лауазымды тұлға болсын) жауапқа тартылу керек. Ең бастысы бәрі де адвокаттың көмегін алуы тиіс. Әрбір заңды бұзған адам заңды жазадан құтылмау керек. Зайырлы мемлекетте адам құқығы бірінші кезекте тұрады. Халықтың билікке деген сенімі сол кезде оянады, осы мәселелер шешімін тапса, Президент идеясының маңайына топтасады деп сенемін. Мемлекет басшысының күні кеше Хазірет сұлтан мешітіне баруы, қақтығыс барысында көз жұмғандарға құран бағыштауы, шейіт болғандардың отбасына қолдау көрсетеміз деуі, сонымен бірге, оқиғаның әділ сарапталатынына кепілдік беруі – халықты бір мақсатқа ұйыстыратын қадам.
Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жаңа Қазақстанның мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Бар күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталады», – деп атап көрсетті. Президент – бастаушымыз, ал біз осы ізгі ойлардың табысты жүзеге асуына үлес қосуымыз керек. Біріміз елдегі жұмыссыздық мәселесін, халықтың тұрмысын жақсартуды, яғни әлеуметтік жағдайды көтеруге барынша атсалысуымыз керек. Ел байлығының денін иемденіп отырған санаулы адамдардан халықтың несібесін өзіне қайтаруды заңды түрде қолға алу керек.
Керек дейтін мәселе өте көп. Соның ішінде білім саласына көңіл бөліну қажет. Жастардың, әсіресе ауылдан келген қазақ жастарының азын-аулақ қаржыға алданып, арандауға еріп кетуге бейімдігін көрдік, осы қаңтарда. Бұл – өте ойланатын жайт. Бірден бір себеп – жоғарыда атап көрсетілген халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігіне байланысты. Содан соң, идеология ақсап тұр. Айта берсек мәселе аз емес. Сондықтан қаңтар қақтығысының біздің кәсіби салаға, яғни адвокаттар қауымдастығына қатысты тұсына тоқтала кетейін. 10-қаңтардан бастап Республикалық адвокаттар алқасымен әр облыс, қалалардағы өңірлік алқаларда қаңтарда бейбіт шеруге шыққан, құқығы бұзылған, зардап шеккен жандарға тегін адвокаттық көмек көрсету үшін шұғыл түрде жедел желілер ашылды. Күнделікті кезекші адвокаттар хабарласқан адамдарға өз өкілеттігі шегінде ақысыз қызмет көрсетті. Жедел желілер елдегі төтенше жағдай аяқталғанша жұмыс істеді. Нәтижелері аз емес. Жазықсыз қамалған көптеген азаматтар адвокаттар көмегімен босап шықты. Жедел желілердің әр өңірдегі телефондары күнделікті БАҚ беттерінде, атап айтқанда, ТВ-да, әлеуметтік желілерде жарияланып тұрды. Адвокаттарға бастапқыда кедергілер де аз болмады. Кәсіби көмек көрсету үшін тергеліп, қамалып жатқандарға кіргізбеу фактілері де орын алды. Осы ретте айта кететін маңызды мәселе – адвокаттардың тергеу органдарына кедергісіз кіруін, құқықтары бұзылмауын заңмен бекіту керек. Осыған орай, тиісті заң нормалары қабылданса дейміз.
Мемлекет басшысы адвокаттар қызметіндегі өзгерістерге де бағдарламалық бағыт берді. 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзінде «Құқықтық мемлекет құрылысы мықты және тәуелсіз адвокатурасыз мүмкін емес. Мемлекеттiк аппараттың тиiмдiлiгi едәуiр дәрежеде азаматтар мен кәсiпорындардың құқықтары мен мүдделерiн кәсiби қорғау үшiн мүмкiндiк жасаумен байланысты. Елдегі кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділік деңгейі де осыған байланысты. Сондықтан бұл жерде адвокаттардың рөлін асыра бағалау қиын», – деп қорғаушылар қызметіне маңыз берді. Осы орайда қазақстандық адвокаттардың проблемаларын ескере отырып, еліміздегі адвокатура саласын одан әрі дамыту мақсатында озық әлемдік тәжірибеге негізделген «Жаңа Қазақстан – Жаңа адвокатура» атты тұжырымдама жасадық. Мұнда Мемлекет басшысының жоғарыда көрсетілген бағдарламалық бағыт-бағдары жан-жақты ескерілді. Президентіміз осы тұжырымдаманы ескере отырып арнайы заң дайындауға пәрмен береді деп үміттенеміз. Мықты адвокатурасыз құқықты мемлекет құру мүмкін емес. Ал Президент ұсынып отырған «Жаңа Қазақстан» идеясы заң үстемдік құратын мемлекет қалыптастырып, азаматтар құқығының тапталмауына, халықтың бейбіт те берекелі өміріне кепілдік береді. Президент жол бастады, енді сапарымыз сәтті, жолымыздың табысты болуы өзімізге байланысты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.