Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы:
– Алакүзде ала шапқын болған, жетекші партия жариялаған алғашқы праймеризде дауыс берудің бүгін үшінші күні аяқталуға жақын. Алғашқы күндері болған техникалық кідірістерге байланысты дауыс беруге тағы бір тәулік қосылғаны жақсы болды. Алғашқы күндері дауыс берушілердің нөпірінен арнайы сайттың өзі баяулап қалды. Қазір сайт жақсы жұмыс істеп тұр.
Праймериздің соңғы қорытындысы 5 қазан күні белгілі болса да, қазірдің өзінде рейтингіні бастайтын көшбасшылар айқындалып қалғандай. Бастауыш партия ұйымдары және өзін-өзі ұсынған үміткерлердің ішінде белгілі қоғам белсенділері, аймақтың бетке ұстарлары, қазіргі депутаттар, тіпті белгілі спортшылар мен өнер жұлдыздарын да байқауымызға болады. Кез келген жарыс болғандықтан көп дауыс алғандар мен азырақ дауыс алып жатқандар да баршылық.
Партиялық тізімді анықтаудың бұрынғы дәстүрлі жоғарыдан партия басшылығы айқындайтын жолы мен бәсекелестікке негізделген праймериздің арасында таңдайтын болсақ әрине соңғысы көп жақсы. Дегенмен де, алғашқы праймериз болғандықтан жетілдіруге тиіс жерлер де кездеседі. Ол алдымен техникалық мүмкіндіктерді барынша арттыру.
Барлық үміткерлердің әсіресе, әлеуметтік желіде барынша танымал медиатұлғалар жинаған дауыстары өз көңілдерінен шықпай жатқанын да байқауымызға болады. Бұны бірнеше жағынан түсіндіруімізге болады.
Біріншіден, медиасалада танымал болу барлық партия мүшелері арасында беделді болу дегенді білдірмейтінін аңғардық. Бұл үміткерлер нақты өз аймағындағы сайлаушыларға емес көбінесе жалпы өз аудиториясы арасында жұмыс істеді. Ал ол аудиторияның көпшілігі қанша дауыс бергісі келсе де ол аймақта болмағандықтан дауыс бере алмайтыны белгілі.
Екіншіден, дауыс жинаудың алдында келе жатқан сол аймақтағы шынымен танымал беделді азаматтар немесе ірі кәсіпорын және мекеме басшылары. Бастауыш партия ұйымдары негізін сол кәсіпорынға қатысы бар сайлаушылар құрайтындықтан басымдылық кімде болатыны белгілі.
Үшіншіден, праймериз нәтижесі қоғамдық саяси мәдениетке тікелей байланысты. Сайлаушылардың біраз бөлігі әлі де үміткердің сайлауалды бағдарламасына емес басқа факторларға ден қоятыны белгілі. Оған өз жерлестеріне «бүйрек бұру», кәсіпорын жетекшісіне дауыс беруге «міндетті сезіну» және тағы да көптеген жайттар әсер етеді. Өткеннен қалған «бағынышты» саяси мәдениет синдромы көп жағдайда сайлаушының таңдауын анықтаса керек.
Партия жариялаған ашықтық мен жариялылықты жергілікті жерде әлі де түсіне қоймаған секілді. Нұр-сұлтан қаласында праймеризге қатысқан үміткерге қатысты дауыс беруде бұрмалаушылықтарға байланысты белгілі үміткер, экс-мәжілісмен праймеризден алынып тасталынды. Партия осындай жағдай орын алған басқа да жерлерде де осындай қатал шараларға барады деп ойлаймын. Бұл шаралар праймериздің легимділігін барынша қамтамасыз ететін шаралар.
Кез келген сайлауда нақты ұстанымы бар, не үшін және кім үшін сайысқа түсетінін айқындаған барынша лайықты үміткерлермен қатар, кездейсоқ үміткерлердің де бар екені жасырын емес. Біз олардың үгіт-насихат жұмыстарынан, жария дебаттардағы «әуесқой» бағдарламарынан байқадық. Біреулер үшін праймериз өз алдындағы, көпшілік алдындағы өз бағасын көтеру құралы болғанын да байқаймыз.
Дегенмен де сауатты бағдарлама ұсынып, оны таныстыру үшін жан-жақты сайлауалды науқанын ұйымдастырып, бірақ та, әртүрлі себептермен азырақ дауыс жинаған үміткерлердің сағы сынбау керек деп ойлаймын. Олардың көпшілігі сайлау шараларына алғаш рет қатысқан жастар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Олардың праймеризге қатысуы үлкен батылдық. Ол диванда жатып сын айтқаннан гөрі, бағдарлама ұсынып сайысқа түсу азаматтықты білдіреді.
Партия өзі уәде бергендей бұл тізімдегі қабілетті азаматтарды шеттетпейтін болар деп сенеміз. Партия қолындағы зор мүмкіндіктерін пайдаланып осы азаматтардың қабілетін қоғам игілігі үшін тиімді қолданады деп үміттенеміз.
Праймериз сайысқа түскен үміткерлерге де дауыс берген сайлаушыларға біраз тәжірибе болатыны сөзсіз. Үміткерлер бұл алғашқы партияішілік сайыста элетораттпен праймериз жағдайында нақты қалай жұмыс істеудің бағдарын айқындаса, ал сайлаушылар өздері сеніп дауыс берген шынымен сол үмітті ақтайтын азаматтар ма деп ойлануға уақыт. Қанша дегенмен де көбірек дауыс алған азаматтар өз аймағында беделді және іскер азаматтар деп сенеміз.
Қоғам қазір оянды. Оның оянуына былтыр өткен президент сайлауы, пандемия жағдайында құрғақ статистиканың быт шыт боп күйреуі және барлығы азаматтық қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты екенін сезіну қоғамдық санадағы өзгерістерге мықты түрткі болды. Партияның жалпы ауқымды деңгейден жергілікті тұлғаларға арқа сүйеуге ұмтылуы жөн дедік. Бізге аймақтық элитаны күшейтуге ден салу қажет.
Аймақтағы депуттаттар құрамы жергілікті әкімшілік ресурстармен емес, кландармен, трайбализм мен коррупция жолымен емес, азаматтық қоғам арқылы қалыптасуы өте қажет. Әр аудан және ауыл өз мәселесін өзі, сенім артқан азаматтары арқылы шеше білу қажет. Бізге танымайтын депуттар емес, іскер депутаттар қажет. Ол жерге кездейсоқ азаматар барып қалмау үшін партиялар өткізетін праймериздер керек.
Басында біздің жағдайға алыстау болып көрінген праймериздің одан әрі басқа партиялардың қолдануы арқасында біздің саяси тәжірибеге мықтап енетін дәстүр болады деп ойлаймын.
Партиялықтардың толық көңілінен шығатын нәтижеге қол жеткізу үшін бірәз праймеризді басымыздан өткеру қажет шығар. Праймериз сауатты бағдарламалардың, алдыңғы қатарлы интелектінің, сенім мен беделдің жарысына айналуына міндетті түрде келеміз. Дегенмен де бастамасы бар. Бұл өте жақсы. Қоғам игілігі үшін қызмет ететін кез келген бастаманы қолдаймыз.