20-01-20 |
1900 рет қаралған
Портрет және шынайы бет-бейне.
Портрет және шынайы бет-бейне

Арман Қани, қоғам қайраткері:

– Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтың бойындағы кемшіліктерінің бірі жанындағы шенеуніктердің пікірлерімен санаспауы, ел арасындағы қоғам белсенділерінің өтініш-тілектерін елемеуі деп білемін.
Болат Жұмабекұлының Керекудегі ең қымбат мейрамханалардың бірінде өткізген жаңа жылдық қайырымдылық кешіне Алматыдан әйгілі шоумендерді арнайы шақыртып, өз портретін аукционға шығартқаны қоғамдық сананы есеңгіретіп кете жаздады!
Зиялы қауыммен кездесу барысында оған: «Сталин де, Гитлер де, Мао Дзедун да өз портреттерін сатылымға қойғызған жоқ. Тіпті Адольф Гитлер суретші бола тұра мұндай әрекетке бармап еді. Сіздің бұл ісіңізді түсінбеймін…» – дедім.
– Аукционда менің портретім ғана емес, өзге картиналар да сатылды. Соның нәтижесінде зағиптар қоғамының есеп-шотына миллиондаған теңге мөлшерінде қаржы құйылды, – деп жауап берді ол.
Әрине, жауабы қарын аштырады.
Әлгі шараны өткізер алдында әкімге жанындағы шенеуніктердің арасынан дәл мен секілді қатты айтпаса да, ойын жұқалап жеткізетін ешкім болмады дейсіз бе, болған шығар. Бірақ тыңдайтын құлақ қайда…
Егер Болат Бақауов мырза ұйымдастырған сол қайырымдылық кешінде 175 жылдық мерейтойына орай хакім Абайдың портреті аукционға қойылып, оны 31 миллион теңгеге кәсіпкер Гнел Акопян сатып алса, бірден екеуі де жұртшылықтың құрмет-қошеметіне бөленер еді ғой! Әсіресе, Абайды әспеттеуге келгенде қазақтың бай-бағландарынан асып түскен армян азаматының атағы алты алашқа жайылатын еді! Өкінішке қарай, ондай өнегелі істі жүзеге асыру идеясы әкімнің қаперіне кірмеген сияқты. Ал жанындағы шенеуніктер тарапынан осындай ұсыныс айтылды ма, жоқ па, анығын білмеймін.
Бұл күндері әлеуметтік желілерде «Бұрынғы әкімнің портретін арзанға сатамын» деген хабарландыру жүр. Енді кім алар дейсіз? Өйткені әкімнің портреті мәңгілік құндылық ретінде құрметтелінетін ұлы ақынның портреті емес қой…
Тағы бір айтатын жайт, Болат Бақауов бұрын облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы қызметінде істеген, қазіргі кезде мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының тіл саласына жауапты орынбасары болып істеп жүрген Сәуле Османоваға байланысты «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы басқармасы мүшелерінің арыз-шағымын 2 жыл бойы елемей қойды. Бұл құжатты 2018 жылдың ақпанында және 2019 жылдың желтоқсанында зиялы қауыммен кездесу үстінде оның өз қолына ұстатып едім. Амал не, жұртшылықтың көзінше әділ әрі іскер басшы секілді сөйлегенімен, мәселенің шешімін сөзбұйдаға салып жіберді.
Енді не дейін? Қайда жүрсе де аман болсын! Тек экс-әкімнің портреті мен шынайы бет-бейнесін ұмыта алмайтыным анық…

Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.