arasha.kz

Қазақстан билігі 30 жыл бойы «ура»-лаумен өмір сүрді

Өмірін қазақ даласындағы ашаршылық оқиғасын зерттеуге арнаған тарихшы Талас Омарбеков қасіретті жылдарды үкімет геноцид деп мойындаса, оған Ресей қарсы болады деген ойда.

Тарихшы зерттеулерден түйген ойларын Stan.kz тілшісіне берген сұқбатында бөлісі.

«Не себепті мемлекет ашаршылық тақырыбына мән берген жоқ? Мемлекеттік саясатта 1929-31 жылы шаруалар көтерілсі, Алашорда, ашаршылық сияқты тақырыптарды уақытша бір күндік тақырып деп қарастырды.

Халықтың қасіретін жүрегімен түсінетін басшы бізде табылмады. Соған қайғыратын, мемлекеттік жалауымызды бір күн түсіріп, еске алуға болар еді. Қазақ соншама рет қырылғанда, ең болмаса жылына бір рет қайғырып, жылап-сықтап, Құран оқып, құрбандарды еске алуымыз керек еді, мұндай күн бізде әлі де жоқ. 

Қазақстан билік органдары 30 жыл бойы «ура»-лаумен өмір сүрдік, баяндамаларда тек жақсы жақты айттық. Жетістіктерді айттық»,-дейді тарихшы.

Ғалым Қазақстан билігінің ашаршылықты геноцид деп мойындамау себебін де түсіндірді.

«Геноцид деп өзіміз айта беруімізге болады. Себебі халықтың жартысынан көбі қырылды. Ал оны ресми түрде билік те, парламент те мойындай алмайды. Неге десеңіз, геноцидті ұйымдастырған кім, қай халық деген сұрақтар туындайды. Оның артынан тағы бір сұрақ: геноцидте қырылғандардың өтемақысын кім төлейді деген мәселе көтеріледі.

Үкімет геноцид деп мойындаса, оған Ресей қарсы болады. Ресеймен қарым-қатынасымыз нашарлайды. Ары қарай Мәскеу, Кеңестер Одағының мұрагері Ресей қырылған әр адамға өтемақы төлеу қажет болады. Ел Украинаны мысалға келтіреді. Украина геноцид деп мойындады, бірақ оны Еуро парламент мойындамады. БҰҰ Украинаның жіберген хатын архивке салып қойды. Біреулер Украина мықты, геноцидті мойындатты деп ойлайды. Бірақ Украинадағы геноцидті Ресей тұрмақ, Еуропа елдері мойындаған жоқ.

Себебі 1948 жылы БҰҰ геноцид жайлы конвенция қабылдаған. Ол заң әлі өзгерген жоқ. Бұл заңда былай делінген: белгілі бір халықты, руды, тайпаны, қасақана, әдейі, қаскүнемдікпен қырған жағдайда, халықты жер бетінен жойып жіберу мақсатында жасалған шаралар геноцидке жатады. 

Ал бізде коммунистік партияның “Халықты қыр” деген ондай шешімі, қолымызда ондай құжат жоқ. Сталиннің, Голощекиннің сөздерінде ондай жоқ. Құжат жоқ болса, дәлел де жоқ. Оны дәлелдегеннің өзінде ақырында Ресейден өтемақы сұрауға дейін барамыз. Осының бәрін жасай алмайтын болсаң, ол әурешіліктен не шығады. Екі ел арасында қарым-қатынасты шиеленістіргеннен басқа ештеңе таппайсың. Біздің билік оған бармайды»,-дейді Омарбеков.  

Тарихшы «Ресей геноцидті мойындаса, не өзгереді?» деген сұрақты да жауапсыз қалдырмаған.

«Геноцид деген сөзге құмар болудың қажеті жоқ. Әбілғожин, Алдажұманов деген мықты тарихшылар «этносид» деп бағалау керек деп ұсынған. Бұл этносты құрту дегенді білдіреді. Олай болғанмен, оны ұйымдастырған кім деген мәселеге келеміз. Ал Сталинді, Голощекинді моладан тұрғызып ала алмайсың, жауапқа тарта алмайсың. Сонда не істемек керек? 

Істейтін жұмыс көп. Геноцид дегенді қоя тұрайық, мүмкін кейінгі ұрпақ мойындатар. Ресей демократиялық елге айналатын шығар. Ресейдің өзі 50-60 жылдан кейін мойындауы мүмкін. Осы Мәскеудің жүргізген саясаты көрші халықтар үшін геноцид болды деп мәлімдеуі де ғажап емес. Сонымен қатар, Геноцид жайлы 1948 жылғы БҰҰ заңы өзгеруі мүмкін. Онда «қаскүнемдікпен қырмаса да, қате  асыра сілтеу реформалар жүргізіп, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын ескермей соған сәйкес келмейтін шараларды өткізіп, ақырында өздері байқамай халықты қырып алған» деген өзгеріс енгізіп, осыны геноцидке жатқызуы мүмкін»,-дейді ол. 

Exit mobile version