17-02-20 |
1930 рет қаралған
«Қазақстанды қазақыландыру шовинизмге ұласып, азшылық этностар өгей бала күйіне түсетінін ұғынбадық».
«Қазақстанды қазақыландыру шовинизмге ұласып, азшылық этностар  өгей бала күйіне түсетінін ұғынбадық»

Нұрбек Мәтжани: 

– Ұйғыр президент, орыс әкім, шешен министр болғанын намысымыз бен ұлттық ар-ұжданымыздың тапталғаны санайтымыз жасырын емес. Себебі біз ұлтты қанмен берілетін “құдайдың сыйы” деп ойлаймыз. Бізге салса, әлемде қазақтан талантты, қазақтан қабілетті ұлт жоқ. Біздің сенімімізде қазақ деген қаны таза текті ұлт. Өзге этнос өкілдері сондықтан қазақ бола алмайды. Ғасырлар бойы сыни тұрғыдан зерделенбеген, ешқандай ғылыми зерттеуге сүйенбейтін ұстанымдармен өмір сүреміз. Ең өкініштісі, этноцентризмге тек қазақтар ғана емес, Қазақстанды мекендейтін этностардың барлығы дерлік шалдыққан.

Қордайдағы болған оқиға заманауи мемлекет ретінде қалыптаса алмағанымызды тағы бір рет көрсетті. Санамыз сол ру-тайпалық деңгейде қалып қойған. Қордайдағы конфликтіге жүрегім қатты ауырса да, таңғалдым дей алмаймын. Осындай жағдай болуы мүмкін екенін іштей сезгем. Себебі ағайын-туыс пен дос-жаранның арасында ксенофобиялық әңгімелер айтылатынын жасыра алмаймын. Сондықтан ксенофобияға тосқауыл қоюға жеткілікті деңгейде үлес қоса алмаған мен де кінәлімін.

Ксенофобияға не түрткі болды? Отаршылдық. Бодандық езгіден қажыған кез келген ұлт үшін тәуелсіздік ең үлкен байлық болары сөзсіз. Сол тәуелсіздікке нұқсан келтіретін кез келген дүниеге сенімсіздікпен, күдікпен қарайтынымыз рас. Өкінішке қарай, бізге өзге этнос өкілдері Қазақстан тәуелсіздігіне тілеуқор еместей көрінеді. Осындай көзқарастың қалыптасуына Қазақстандағы және өзге елдердегі сепаратистік қозғалыстар әсер етті. Мұндай жағдайда қазақтың санын көбейту ең дұрыс шешім деп ойлаған сияқтымыз. Қазекең көпшілікке айналса, азшылық этнос өкілдері “шаңыраққа қарайды”, сепаратистер тыйылады деп ойладық.

Алайда Қазақстанды қазақыландыру шовинизмге ұласып, азшылық этностар туған елінде өгей бала күйіне түсетінен ұғынбадық. Қала берді, кері эффект беріп, азшылық этностар арасында ксенофобиялық және сепаратистік сезімдердің одан әрі нығая түсетінін болжамадық. Сонымен бірге олардың түйіншегін түйіп, ұлты мен дініне, жынысы мен нәсіліне байланысты кемсітпейтін елдерге көшу керек деген ой түйетінін түсінбедік. Апама жездем сай. Сол себепті Қордайда болған оқиғаға екі жақ та кінәлі.

Алайда бірінші кезекте Қордайдағы оқиғаға билік кінәлі. Себебі билік Қазақстанды мекендейтін этностарға өзара татулық пен түсіністікте өмір сүрудің формуласын ұсына алмады. Декоративті және декларативті ұлттық саясатпен заманауи, құқықтық және стереотиптерден ада мемлекет құра алмаймыз. Менің достарымның арасында түрлі этнос өкілдері бар. Өзімді ойша солардың орнына қойып көрдім. Көрдім де, түңіліп кеттім. Маңызды деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстым. Мен кіммін? Уақытша тұрып жатқан келімсекпін бе, әлде осы елдің толыққанды азаматымын ба? Толыққанды азаматымын дейін десем, “нағыз қазақтар” әрдайым “шаңыраққа қаратқысы” келіп тұрады. Өзге елге көшіп кетейін десем, туған жерім, үйренген ортам. Екіұдай сезім.

Колониялық өткеніміз, өз жерімізде екінші сортты ұлт күйіне түсуіміз, тіліміз мен дәстүріміз, дініміз бен діліміздің әбден дискриминацияға ұшырауы көп қазақтың көкейінде жүрген жара. Ол жаралар тәуелсіздік жылдарында, өкінішке қарай, толық емделген жоқ. Аталмыш мәселелерді көтеріп, тарихи әділетті көксеген қазақ ұлтының талабы сондықтан орынды. Дискриминацияға ұшыраған ұлт/нәсіл/жыныс өкілдеріне жеңілдіктер мен артықшылықтар беру әлемде бар тәжірибе. Оны позитивті дискрминация (affirmative action) дейді.

Дейтұрғанмен белгілі бір ұлт/нәсіл/жыныс өкілдеріне позитивті дискриминация шаралары не үшін қолданылып жатқаны түсіндірілмесе, онда аталмыш ұлт/нәсіл/жынысқа жатпайтындар мұны басқаша қабылдауы мүмкін. Шетелдегі қазақтарды репатриациялау мен қазақ тілінің кең қолданысқа енуін мемлекет тарапынан қаржыландыру сол аталған позитивті дискриминация мысалы. Алайда позитивті дискриминация өзге ұлт/нәсіл/жыныс өкілдерін дискрминациялауға ұласпауы керек. Қазақстанда екінші сортты ұлт/нәсіл/жыныс болмауы керек. Мемлекет құраушы титулды ұлт және келімсек ұлттар деген категория болмауы керек.

Ендігі кезекте ойын ережелері барлық этностарға түсінікті ұлттық саясатты қалыптастыруымыз қажет. Қазақстандағы этносаралық татулық ресми құжаттарда, саясаткерлердің популистік ұрандарында, ҚХА ұйымдастыратын концерттерінде ғана болмауы керек. “На чемоданах” отырған өзге этнос өкілдірінің көңіл-күйін мен жақсы түсінемін. Оларға жаным ашиды. Олардың Қазақстанда қалғанын шын жүректен қалаймын. Қазақстан азаматтарының барлығы мен үшін қазақ. Қайталап айтайын, елтаңба бейнеленген ту түстес паспорты бар кез келген адам мен үшін бірдей. Себебі менің түсінігімде ұлт деген қанға негізделген генетикалық категория емес. Мен үшін ұлт – белгілі бір елдің азаматтығын білдіретін саяси категория.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.