25-04-20 |
1420 рет қаралған
Қосылғыштардың орны немесе президенттің де «Нұротаннан» екенін ұмытпаңыздар!.
Қосылғыштардың орны немесе президенттің де «Нұротаннан» екенін ұмытпаңыздар!

фото: vlast.kz

24 cәуірде Қазақстанда президенттік басқару институты енгізілгеніне 30 жыл толды. 1990 жылы 24 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-інің президенті болып сайланды.Сол кездегі бас мемлекеттік газет (қазір де солай) «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 25 сәуірдегі санының бірінші бетінде Қазақ ССР-інің президенті туралы жоғарғы кеңестің қаулысы жарық көрді. Онда «Қазақ советтік социалистік республикасының жоғарғы советі қаулы етеді:
Қазақ советтік социалистік республикасының президенті болып Нұрсүлтан Әбішұлы Назарбаев жолдас сайлансын!» делінген. Осылайша, 1990 жылы президент қызметіне кіріскен Н.Назарбаев Қазақстанды 29 жыл басқарып, 2019 жылы 19 наурызда өз еркімен ресми түрде президент қызметінен кетті. Қазір ол билік партиясы саналатын «Нұр Отан» партиясының төрағасы әрі қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы. Сондай-ақ конституцияға енгізілген өзгерістерге сай «Елбасы – Тұңғыш президент» конституциялық мәртебесіне ие.
Қазақстан тарихы үшін 24 cәуір тарихи дата. 1990 жылдан бері арада тура 30 жыл өтті. Президенттік басқару жүйесі Қазақстанға не берді? Президенттік басқару жүйесі өзін-өзі ақтады ма? 30 жылдан бері жалғасып келе жатқан президенттік басқару жүйесінде – бүгінгі жүйеде қоғам күткен өзгеріс болуы мүмкін бе? Болса ол қандай жолмен болады? Осы сауалдардарға қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пікірін жариялап отырмыз.

фото: qazdauiri.kz
фото: qazdauiri.kz

 

Дос Көшім, қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:

– Барлық мәселе – басқару жүйесіне тіреліп тұрған жоқ. Бір елдерде тамаша жұмыс істейтін жүйе, екінші елдерде мүлдем жұмыс істемеуі мүмкін. Оған тек жүйе кінәлі десек – оңбай қателесеміз. Сондықтан Қазақ еліндегі барлық кемшіліктерді Президенттік жүйеге жапқым келмейді. 90-жылдардың басында, қоғам әлі демократия деген сөзді түсіне алмай жүрген кезеңде Президенттік жүйе керек те болған сияқты. (жан-жаққа тартпай, бір адамның басшылығына бағыну дегендей). Қоғам тоталитарлық жүйеден бірден демократиялық жүйеге өтіп кете алмайды. Арасында өтпелі кезең болады. Сол уақытта белгілі бір мерзімде авторитарлық басқарудың орын алуы ғажап емес. Әңгіме – Президенттік басқару жүйесіне тоталитарлық жүйенің ең сенімді қызметкері, бұрынғы коммунистік партияның басшысының келуінде шығар. Чехияда драматург, компартиямен бітіспес күрес жүргізген, кочегар да болған Вацлав Гавел президент болса, Польшаның өтпелі кезеңінде компартиямен бітіспес күрес жүргізген электрик Лех Валенса президент болды…Олардың қоғамға бергені – демократиялық құрылым болды. Сондықтан мен «Президенттік басқару жүйесі Қазақстанға нені бере алмады?» деген сұрақ дұрыс болар деп ойлаймын. Жауап біреу-ақ – әділетті қоғамды (демократия институттарын) бере алмады.

Меніңше, бұл да бірінші сұрақтың аясындағы мәселе. Мәселе – сол президенттік жүйе кімдердің қолында болғаны және кімнің президент болғанында жатыр. (отпен жылынуға болады, тамақ та істеп ішесің, ал кейде сол отқа оранып, үйің жанып кетеді. Оған от кінәлі емес қой). Қысқасы, Қазақстандағы Президенттік жүйеге дұрыс баға беру үшін сол жүйенің басында қандай саяси күштердің отыр, сол жүйені қандай топтар, қандай адамдар және қалай пайдаланды деген сұраққа көңіл аудару керек. Жүйе өзінен өзі жұмыс істеп кетпейді ғой.

Бүгінгі биліктегі саяси топ кез келген жүйені қабылдап, оны өздеріне қызмет жасата алады. Кейбіреулер парламенттік жүйеге көшейік, сол дұрыс шығар дейді. Парламент – «Нұротанның» қолында, егер олар бірдемені өзгертеді деп ойласаңыздар – көшіңіздер. Бірақ президенттің де «Нұротаннан» екенін ұмытпаңыздар. Қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан…

Менің ұсынысым тым қарапайым: Қазіргі билік жаңа заңдардың («Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы») негізінде сайлау өткізсе, Парламентке жаңа адамадр – халықтың қолдауын әділетті жолмен алған азаматар келеді де, өздеріне тиімді жүйені таңдап алады. Тағы қайталаймын, әңгіме жүйеде емес, сол жүйені пайдаланатын жандарда.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.