03-04-24 |
8270 рет қаралған
Ресей Қазақстанмен қақтығысуға сылтау іздеп отыр ма?.
Ресей Қазақстанмен қақтығысуға сылтау іздеп отыр ма?

Сарапшы, журналист Амангелді Құрметұлы Татарстанға жасалған дрон шабуылы мен Алматыда тараған үнпарақтар арасындағы байланысқа үңіліп, мұның кездейсоқтық емес екенін жазады. Сондай-ақ Татарстанға жасалған шабуыл жасаған дрондардың ұшу аумағына Қазақстанды меңзеген ресейлік саясаткер, журналистердің де айтқандарына тоқталады.

«Негізі бірінші оқиғаның Қазақстанға қатысы жоқ еді. Бірақ дүрбірі бізді шарпыды. Әңгіме Татарстанның «Алабұға» экономикалық аймағына жасалған дрон шабуылы төңірегінде еді. Украина шекарасынан 1200 шақырымдағы Елабуга мен Нижекамск қалаларына дрон шабуылы жасалған еді. Соның бірі «Шахед» дрондарын жасайтын зауыттың маңына құлапты. Сол оқиғаға байланысты пікір білдірген ресейлік сарапшылар дрон Қазақстан жақтан ұшырылуы мүмкін екенін айтқан. Солардың бірі Мемдума депутаты, қорғаныс комитетінің мүшесі Андрей Гурулев. Ол Орталық Азия республикаларының теріскей аймақтары бақыланбайтынын айтыпты. «Солтүстік пен солтүстік батыстағы далалық аймақтарда іс жүзінде адам тұрмайды. Сол аймақтар әуеден де, радиолокациялық стансалармен де бақыланбайды»,-дей келе дрондарды далалық аймақтардың кез келген жерінен ұшыруға болатынын айтыпты. Мемдума депутаты Орталық Азия аймақтары дегенмен, бұл өңірдің жалғыз елі, яғни Қазақстан ғана Ресеймен шекараласады. Өзге елдерден дрон ұшыру Украинадан ұшырудан да алыс.

Ал Дмитрий Смирнов деген Кремль пуылна кіретін журналист, Қазақстан шекарасы мен Татарстандағы қалалардың арасы 500 шақырым, Украина шекарасы 1200 шақырым екенін апат өте келе, дрон Қазақстан жағынан келуі мүмкін екенін айтқан. Тағы бір полковник дрондар Украина жерінен Татарстанға жете алмайтынын айтты. Олардың ұшырылуы мүмкін орындары ретінде Ресейдің өзін және Қазақстан аймағын тұспалдаған.

Жақсы, мұны ресейліктердің кезекті айқай-шуы дейік.

Бірақ дәл осы күні Алматыда «Азат Ресей» легионы- Легион «Свобода России» дейтін ұйымға қосылуға шақырған үнпарақтар пайда болыпты. Аялдамаларда және «Мега-Центр» маңына жапсырылған екен. Бұл қарулы топ Украина жағында соғысады. Белгород, Курск облыстарына бірнеше рет рейд жасағаны бар. Енді осы топқа рекрут тарту үшін үнпарақтар Қазақстанға да жеткенге ұқсайды. Сырт көзге бірден сол топтың ісі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өз басым дрон туралы әңгіме мен осы үнпарақтардың арасынан байланыс көремін. Кездейсоқтық деп бағалай алмаймын.

Біріншіден, егер үнпарақты жапсырып кеткендер көрші елдің арнайы қызметінің арбауына түскендер немесе шынымен Украина жақта соғысып жүрген топтың өкілдері болса да жақсы емес. Мұндайда Мәскеу «сендердің жерлеріңде ЛСР жүр, соларға қарсы антитеррорлық операция бастаймыз, рұқсат етіңдер» деп буынсыз жерге пышақ ұруы мүмкін.

Екіншіден, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті құрылымдардың мұндай олқылыққа жол беріп алуы жақсы емес. Тиісті құрылымдардың жұмысындағы өте үлкен кемшілік. Полицияның да қырағылығы керек еді. Азаматтардың да немқұрайлы болмағаны керек-ау шамасы. Үнпарақ жапсырып жатқандарды ешбір адамның көрмеуі мүмкін емес. Тек ешкім назар аудара қоймаған ғой. Үнпарақты таратушылар мейлі Ресейдің, мейлі Украинаның арнайы қызметімен байланысы бар адамдар болса да біздің сақтығымыз керек. Кешегі жағдай Қазақстанды қолайсыз геосаяси жағдайға ұрындырмау үшін жанталасып жатқан Президент пен дипломаттардың еңбегін еш ете жаздаған сияқты.

Үшіншіден, дәл дрон шабуылы болған күні Ресейге қарсы соғысып жүрген топтың насихаты жасалғаны, біздің елді арандатуға ұмтылатындардың түрлі жоспары сақадай сай тұрғанын көрсететін сияқты. Күні ертең ДАИШ-тың «Хорасан» тобы біздің елде орналасқанын айтатындар шықса таң қалмаймын. Әрі діни радикал топтардың қалыптасуының алғышарттары кейбір аймақтарымызда бар. «Ұйқыдағы ұяшықтар» кездеседі. Сеператизмті астыртын насихаттаушылар қазіргі беймаза шақта көңіл-күйі бұзылған азаматтарды жақтас ретінде тартуға барын салуы мүмкін. Өйткені «кедейдің күні кіжінумен өтеді» дейді, атқамінерлерге кіжінген қауымның арасынан радикалдардың да, сеператистердің де қатарын толтыратындар табылуы мүмкін.

Айтпақшы, өз азаттығы үшін соғысып жатқан Украина жұртын біздің елде жақтаушылар аз емес. Іштей тілеулес болып жүреді. Сол тілеулес қауым аңғалдықпен аранйы қызметтің арбауына түсіп қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймын. Алматыдағы үнпарақтарды таратқандарды полиция іздеп жатқан көрінеді. Олар табылары сөзсіз. Алаңғасар немесе сондай аңғалдың кейпіне енген біреу болып шығуы да мүмкін. Бірақ медиада бұл мәселенің ізі қалды. Кейін тізбектеліп, түрлі әңгіме тарай ма деп қауіптенемін. Абай болмағымыз керек-ау», – деп жазады сарапшы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.