24-02-22 |
1910 рет қаралған
Іс тетігін мамандар шешеді – Саттар Мәжитов.
Іс тетігін мамандар шешеді – Саттар Мәжитов

Саттар МӘЖИТОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик:

– «Қаңтар қасіреті» оқиғасына болашақта тарихшылар өз бағасын береді деген ойдамын. Өйткені әр оқиғаға баға беру үшін біраз уақыт өту керек. Осы тұста оқиғаның мән-маңызы, себеп-салдарын көрсетіп қоюмен шектелмей, төтенше жағдай кезінде мемлекет басында отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрекетіне, жасаған шешімдеріне де көзқарасымызды білдіру маңызды. Кейде шағын отбасындағы түсінбеушілікті шешуге азаматтардың ақылы, сабыры жетпей жатады. Ал бүтін бір мемлекеттің мәселесін шешудің, оқыс жағдайда қателіксіз қадам жасаудың қаншалықты жауапты, қаншалықты маңызды екенін түсіндіру артық. Шұғыл әрекет етуді, ақылмен іс жасауды қажет ететін сындарлы сәтте Мемлекет басшысы үдеден шықты. «Елдестірмек елшіден» демекші, ел мен елдің арасындағы алтын көпір болып шеберлігін шыңдаған Тоқаевқа мемлекет ішіндегі мәселені реттеу, өз сөзіне халықты ұйыту аса қиын болған жоқ. Бұл да Президенттің ел игілігі жолында жылдар бойы атқарған мінсіз қызметінің жемісі.
Жалпы тарихшы ретінде емес, саяси технологиялардың, қоғамдық мәселелердің сарапшысы ретінде айтарым, «Қаңтар қасіреті» секілді оқиғаларға бірден толық баға берілмейді. Сондықтан, бұл оқиғаны қасірет дейміз бе, төңкеріс дейміз бе, терроризм мен экстремизм актісі дейміз бе, әйтеуір «Қаңтар қасіреті» деген сөзбен шектелуге болмайды. Бұл ең алдымен халықтың санасына үлкен әсер етті. Сана түбегейлі өзгерді деп айтуға болады сол күндері. Бұл оқиғалардан алатын ең басты сабақ – біздің қауіпсіздікке қатысты мәселеміз. Біз сол күндері бейбітшіліктің құны қаншалықты жоғары екенін сезіндік.

Сол күндері адамдар ертеңі қалай болатынын білмей қалды. Түрлі ойлар пайда бола бастады. Көшеде нан іздеген, аш жүрген адамдарды көрдік. Тіпті сол кезде бұрын бір-бірімен сәлемінің өзі дұрыс болмайтын көршілердің бір-біріне оң көзбен қарап, «көршімнің жағдайы қалай екен?» деп алаңдағанына куә болдық. Яғни, осы бір қайғылы жағдай бүкіл халықты бір мақсатқа біріктірді, Президенттің жанына топтастырды. Адамдардың басына қиын іс түскен кезде, бір-бірін бағалап, құрметтеуді сезінуі құндылықтың әлі жоғалмағанының белгісі деуге болады. Бұл халықтың ниетінің дұрыстығын көрсететін жағдай.

Ал енді Президент ұсынып отырған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы ел іргесін бекітудің, мемлекетті дамытудың алтын арқауы. Мұндай жоспарлы іс Мемлекет басшысының өзық ойларының жиынтығы. Сонымен бірге бұл еститін Үкіметтің халық пікіріне, көпшіліктің ұсыныс-лебізіне назар салып, мән беруінің нақты көрінісі.

Президент Халықпен санасатынын, азаматтардың пікірін ескерусіз қалдырмайтынын үнемі айтудан жалыққан емес. Дамыған елдерде солай болуы керек те. Ал басқа шенділер Президенттен үлгі алса құба-құп.

Біз 30 жыл бойы жаңарып келе жатырмыз. Оны мойындау керек. Күнде бір жаңалық ашылады. Дербестіктің дәмін татып, көзіміз көп нәрсеге жетіп қалды. Бірақ нарықтың толқынында жүргенімізді әлі сезбей жатырмыз. «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы деген кезде ең бастысы адамдардың күнделікті тұрмысына байланысты мәселелерге мемлекеттің араласып, шешуі сөз болып отыр. Ол өте жақсы. Бірақ жеке тұлғаның жауапкершілігін де ұмытуға болмайды. Адамның біліміне зор көңіл аударуымыз керек. Біз бүгін жалған білім, жалған дін, жалған философия, жалған психология, жалған ғылым жағдайында өмір сүріп, құндылықтардың бәрін соған тіреп қойдық. Нағыз құндылықтардың қандай болатынын ұмыта бастадық.

«Жаңа Қазақстан» құруға қатысты бағдарламасындағы ең басты құндылық – үкіметке, мемлекетке деген сеніммен өзектес, тамырлас болу керек. Онда біздің жалпы құқықтарымыздың кепілі ретінде ең алдымен Президентке деген сенім құндылығын қалыптастыруымыз қажет.
Одан кейін қоғамда болып жатқан әділетсіздік жағдайларының нақты шешіліп жатқанына көз жеткізіп, оны насихаттауымыз керек. Мемлекет пен билікті кәсіби, нағыз білікті және тәжірибесі бар мамандар басқаруы тиіс.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.