фото: Құдияр Біләлдің facebook парақшасынан алынды
Ақын, «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шахановтың денсаулығы жақсарған әрі бірер күнде ауруханадан шығады. Бұл туралы жазушы Құдияр Біләл facebook парақшасында жазды.
«Қазір ғана Мұхтар Шаханов ағамызға жолығып қайттық. Аурухана қаланың сыртында. Ішке кіргізбейді. Мұхтар ағамызбен терезе сыртынан тілдестік. Жағдайы жақсы. Дәрігері: «Екі-үш күнде шығарып қаламыз», – деді. Сосын өз тілінде Мұхаң ауруының мөлшерлік деңгей көрсеткішін айтып шықты. Біз өз тарапымыздан: «Ол қанша болуы керек еді?», – деп сұрадық. Білгеніміз, Мұхаңдыкі сол қалыпты деңгей шамасында екен. Дәрігер де қазақ қой, ол да: «Әлеуметтік желіде айтылып жатқан әңгімелері біз де естідік. Сондықтан дәрігер ретінде айтамын. Мұхтар Шахановтың жағдайы өте жақсы. Менің осы сөзімді халыққа жеткізіңіз», – деді. Мен дәрігер қарындасыма: «Мұхаңды жақындау жерден суреттке тартып беріңізші», – деп өтініш жасадым. Мұхаң өзін суретке түсіретінін білгенде шашын тарақтап, реттеле бастады» деп жазады ол.
Бұдан бұрын Шахановтың коронавирусқа шалдығып ауруханаға түскені хабарланған. Кейін Құдияр Біләл бастаған адамдар президент Тоқаевқа Шахановтың денсаулығына көңіл бөлуді айрықша тапсыруды сұрап ашық хат жазған.