15-03-22 |
1570 рет қаралған
«Сөз жоқ, Президент Тәуелсіздікті сақтап қалды!».
«Сөз жоқ, Президент Тәуелсіздікті сақтап қалды!»

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі:

– Қаңтар оқиғасы жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар-24» арнасына орысша да, қазақша де сұхбат берді. Мемлекет басшысының қазақ тіліндегі сұхбатын қазақ қоғамының күткені рас. Алайда, биылғы қаңтар оқиғасы жайлы, оның себеп-салдары жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қай тілде айтса да, алдын ала жасалған қорытынды және белгілі болған жайларды жасырмай, жасқанбай айтып-ақ келеді.

Еске салар болсақ, Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде де, халыққа Үндеуінде де, «Хабар» арнасына берген сұхбатында болсын Президент ақиқатты жасырмады деп ойлаймын. Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатынан жалған сөйлеуді және жалған айтуды білмейтін жан. Түйсігім соны айтады. Дәл қазіргі кезде ТМД мемлекеттерінің президенттері арасында білікті және дипломатиялық жағынан ысылған, мол тәжірибелі, әлемдік саясатта өз орны мен өз үні бар Тоқаевтан асқан басшы жоқ!

«Митингке шыққандардың бәрі лаңкес пе?» деген журналист Жайна Сламбектің сұрағы өте күрделі де қиын сұрақтың бірі болды ғой деп ойлаймын.

Журналистің сұрағына Президент қалай жауап берер екен деп елең ете қалдық. «Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингке қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.

Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты», – деп Президенттің жауап беруі көңілдегі күдікті сейілтті. Лаңкестердің болғаны және солардың бейбіт шерушілерді арандатып, елімізде бүлік ұйымдастыру үшін әрекет жасағанына көзіміз жетіп отырғаны анық!

Қазір Мемлекет басшысы күн құрғатпай құқық органдарының басшыларын қабылдап отыр. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі айтқандай «бейбіт тұрғындарды лаңкестерден бөліп алуымыз керек» деген адал ойын жүзеге асыру үшін және жазықсыз жандар қосақ арасында кетіп, босқа айыпталып кетпесе екен деген таза адами ниетінен туған шара екені анық.

«Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді»,–деген Президент сөзі де рас. Бетін аулақ қылсын, басына іс түскен кез келген адам ең әуелі ақталып бағатындығы, өзіне шаң жұқтырмасы анық. Қаңтар оқиғасы кезінде оқ атылып, кісі өліміне де, әкімшілік мекемелерді басып алу әрекеттері де, дүние-мүлікті бүлдіріп, қирату да орын алды. Енді соған кінәлілерді, кімнің ақ, кімнің қара екендігін анықтап алу өте күрделі мәселенің бірі. Соған орай Президент күштік құрылым басшыларынан әділдікті, тазалықты талап етіп отыр. Полиция, прокуратура басшыларының күні кеше жасаған есебінен Президент пәрмені анық аңғарылып тұр.

Тапсырманы мінсіз орныдау өз кезегінде халықтың істің әділ тергелетініне сенімін нығайтады. Парламент мәжілісінде сөйлеген сөзінде Бас прокурор Берік Асылов Президент сұхбатында айтылған деректердің шындық екеніне тағы бір мәрте көзімізді жеткізді. Сонымен бірге Берік Асылов қаңтар оқиғасының ақиқатын анықтауға құзырлы орын қызметкерлері барын салып жұмыс істеп жатқанын, Президент қойған талаптардың толық орындалғанын айтты. Әсіресе, ұсталғандарды азаптау, тергеу кезінде қысым көрсету деректері толық тексеріліп, қызметтік лауазымын асыра пайдаланғандардың қамалуы халық талабының ескерусіз қалмайтынын көрсетсе керек.

Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлауда. Өздері ойлап қоймай, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратып отыр. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, ұсталғандар ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж.

Қаңтар оқиғасына қатысушылар ісі тергеу жұмысы барысында анықталатынын айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз. Қазір тек мына нәрсені ғана айта аламын. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды», – деді. Сондай-ақ,Мемлекет басшысы болған істің ақиқатына көз жеткізбесе, мұндай қауіп қайталануы мүмкін екенін де ескертуі әбден орынды деп санаймыз. Ақиқаты осы!

Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық – мемлекеттің болашағына балта шабатын кесел», «әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген сияқты халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қадамдарын да жақтырмағандар болмады емес, болды. Міне, қара халықтың жағдайынан да, қара бастарының жағдайын ойлап кеткендер, енді бір амал жасаулары керек еді. Олар халықтың бейбіт наразылығын қарулы қақтығысқа ұластырудың, елдегі жағдайды ушықтырудың жоспарын алдын ала жасамады деп кім айта алар?! Сол топ әуелі Алматыны басып алып, содан соң қазіргі Президентті не өз еркімен биліктен бас тартуға, болмаса шет елге кетіп қалуға мәжүбір ету арқылы, билікке өздерінің өкілдерін әкелуді мақсат еткені де анық. Олар сөйтіп өз байлықтарын да, өз бастарын да арашалап алып қалмақшы болды. Бұл менің өз пайымым!

Осы бір аса қиын жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей батылдықпен шешім қабылдап, ОДКБ-ға мүше мемлекеттерден көмек сұрап, әскер алғызғаны өте орынды шешім еді. Бұл Тоқаевтың Тәуелсіздікке, өз елі мен халқына деген Адалдығы еді!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.