arasha.kz

TikTok-ты бұғаттау қажет пе?


Жасөспірімдер арасындағы күрт өскен суицид мәселесі қоғамда кең талқыланып, алаңдаушылық туғызуда. Соған қатысты әлеуметтік желі контенттеріне қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Соның ішінде депутаттар да өз ойларын жариялауда.

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских әлеуметтік желідегі парақшасында TikTok әлеуметтік желісі және оның балалардың психикалық денсаулығы қатысты ойын жазды.

Бүгінгі таңда TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдыққа ие. Біздің елде де бұл желінің қолданушылар саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны кей креативті жандар жасөспірімдерді білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тастаған жүзіктей тым аз. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да, өздеріңіз байқап жүрсіздер. Сол көңіл көншітпейтін контенттің көптігінен Павловтың: «Счастье – где-то между свободой и дисциплиной» дегені ойға келеді. Иә, дұрыс түсініп отырсыздар, мен бұл платформаны «ішінара» шектеу жайына өз бес тиынымды қыстырмақпын. Жастарымыздың назарын жаулаған бұл платформаға белгілі бір шектеулер қоюды қолдауымның себебі әртүрлі. Тарқата айтсақ.
Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығы алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеалдарға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады. Бүлдіршін тәрбиелеп отырған әке ретінде бұл жағы мені қатты алаңдатады
Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. АҚШ, Франция, басқа да елдер TikTok-тың пайдаланушылардың деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.
Мәліметтердің құпиялылығы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Канада TikTok-ты деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформаның пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін, ал бұл Қазақстан үшін де өзекті мәселе.
Үшіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да шектеулер қажет болуы мүмкін. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы мүмкін.
Қорытындылай келе, TikTok желісіне ішінара шектеу енгізу Қазақстан үшін маңызды қадам болмақ деген ойдамын. Балалардың психикалық саулығын қорғау, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында бұл шаралар орынды болады деп есептеймін, – деп жазады депутат.

Exit mobile version