arasha.kz

Тоқаев журналистермен неге кездеспейді?

Жыл аяғында мемлекет басшылары журналистермен кездесіп, баспасөз мәслихатын ұйымдастырып жатады. Бір қызығы, біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев журналистермен бірде бір рет кездеспеді. Мемлекет басқарғанына екі жылдан асқан Тоқаевтың журналистермен ашық сөйлеспеуінің астарында не жатыр?

Жуырда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин журналистермен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Тоқаевпен бір уақытта билікке келген Украина президенті Владимир Зеленский журналистермен бірнеше рет кездесті. Тіпті ол журналистер күні қарсаңында журналистерді қабылдап, тіпті оларға кәуап пісіріп берді. Сондай-ақ Ресейге тәуелді Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыровтың өзі журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Осы ретте «президент журналистермен неге кездеспейді?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы және өзге де сұраққа саясаттанушы Санжар Боқаевқа қойған болатынбыз.

Саясаттанушының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерден қорықпайды.

«Бірақ журналистермен ашық кездесу саяси мәселе. Өйткені ыңғайсыз сұрақтар қойылып кетуі мүмкін. Өткір сұрақтарға тап қазір ол ашық әрі тәуелсіз жауап бере алмайды. Кейбір мәселелерді Тұңғыш президентпен ақылдасу керек. Екіншіден, Тоқаев өзінің «Еститін Үкімет» деген концепциясын 2019 жылы жариялағаны белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болған 2 жылдан астам уақытта бұл концепция мүлдем құрдымға кетті. Еститін емес нағыз керең мемлекетке айналды.
Бұған екі фактор себеп болуы мүмкін. Біріншісі мемлекеттік аппараттың кәсібисіздігі дер едім. Соңғы уақытта көптеген шенеуніктер шешім қабылдай алмай дағдарып қалды. Тек қана олар әлденені күтіп отыр. Шын мәнісінде нені күтіп отырғанын өздері білмейді. Қандайда бір шешім қабылдайын десе жан-жаққа жалтақтап отырады. Өйткені шешім қабылдау орталығы біреу емес, екеу болып кетті.
Сондай-ақ тағы мынадай бір маңызды фактор болуы мүмкін, осыдан 5-6 жыл бұрын Назарбаев «Мені мықтап ұстаңдар. Кейінгі президент менен нашар жұмыс істейтін болады» деп айтқан болатын. Тұңғыш президенттің кеңсесіне яғни кітапханадағыларға Тоқаевқа халықтың сенімі артып бара жатқаны ұнамайды. Сол сеепті де олар Тоқаевтың «Еститін Үкімет» деген концепциясының жүзеге асауына кедергі жасайды», – дейді ол.

Тәуелді елдің басшысы Рамзан Қадыровтың өзі журналистердің сұрағына жауап беріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рамзан Қадыров ғұрлы қауқары жоқ па? Сондай-ақ президент «Еститін Үкімет» тұжырымдамасын неге өзі орындамай отыр?

«Қасым-Жомарт Тоқаевты Рамзан Қадыровпен салыстыратын болсақ, Шешенстан Ресей Федерациясының субектісі болғанымен оның өзінің жерінде ықпалы өте күшті. Өйткені Қадыров күштік құрылымды толықтай өзі бақылайды. Рамзан Қадыровтың орталықтан да қадағалауы мүмкін. Бірақ ол өзінің кішкентай жерінде көптеген мәселелерге байланысты шешімді өзі қабылдайды. Дәл Тоқаевпен салыстыратын болсақ, әлі толық құзыреттерді ала алмады. Сондықтан да Тоқаевты Қадыровпен салыстыруға болмайды. Бірақ нақты салыстыратын болсақ, онда Тоқаевтың құзыреті Қадыровтан қарағанда аздау.
«Еститін Үкімет» концепциясына келетін болсақ, екі жылдың ішінде Маминнің кабинеті барлық салада құрдымға кетті. Олар ашық түрде жұмыс істеп жатқан жоқ. Өйткені олар «Еститін Үкімет» тұжырымдамасын түгелімен бұзды.
Мен сіздердің алаңды пайдалана отырып, Тоқаевқа мынадай ақыл айтар едім. Президент 2022 жылы жаңаша форматта журналистермен кездескені жөн. Бүкіл үкімет мүшелерінің қатысуымен үш сағаттық журналистермен және өңірдегі азаматтармен тікелей эфир арқылы халықпен кездесу ұйымдастырсын. Сонда көтерілген мәселе туралы әрбір министр немесе әкім тұрып жауап берсе тіпті жақсы болар еді», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев осылай журналистермен кездеспей кете ме? Жоқ әлде алдағы уақытта оның журналистермен кездесуі мүмкін бе?

«Президенттің қазіргі позициясы оңай емес. Бірақ нақты бір істер көрініп жатқан жоқ. Сондықтан да халық тарапынан «осы уақытқа дейін қандай іс жасалды?» деген сұрақ туындайды. Шыны керек ол өзін мемлекет басшысы ретінде көрсете алмады.
Барлық мемлекеттік аппаратты алатын болсақ, Тоқаевтың позициясы мен қазіргі ситуация ең қауіпті кезеңге келіп тұр. Сондықтан ол «президенттікке мұрагер боласың» дегенде қуанды деп айта алмаймын. Ол қазіргі жағдайды өте күрделі екенін түсініп отырды. Өзінің және кітапханадағы бірінші, екінші деңгейді басшылық барлық былықты ұйымдастырып отыр. Негізгі былықтың бәрі сол жерден шығады. Оның үстіне үлкен кісіде көңіл-күйдің адамы болып кетті. Айналасындағы адамдардың сөзіне сеніп, шешім қабылдайтын болды. Айтайын десе, айтқызбайды, істейін жесе істеткізбейді. Менің ойымша Тоқаев журналистермен кездесуді тұңғыш президенттің алдына қойып жатқан жоқ. Өйткені Елбасы мен оның кеңсесі Тоқаевқа қызғанышпен қарайтын секілді», – деп сөзін түйіндеді ол.

Arasha

Exit mobile version