Бір топ саясаттанушылар, мәдениет өкілдері, журналистер 16 наурызда өтетін президент Тоқаевтың жолдауы қарсаңында халыққа үндеу жасады.
Үндеудің толық нұсқасы төмендегідей:
«Құрметті қазақстандықтар!
Қанды қаңтар оқиғасы Қазақстанда 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін орнаған авторитар режимнің заңды нәтижесі болды. Дәл сол кезде Қазақстанның саяси жүйесінде тепе-теңдік және тежемелік принципі қасақана жойылып, билікті асыра пайдалануға жол ашылды.
Атқарушы билікті тежеуі тиіс биліктің қалған екі тармағын – парламент пен сот билігін президенттік вертикаль жаншып тастады. Осылайша, Қазақстанда президенттің абсолют билігіне негізделген жабық саяси жүйе қалыптасып, азаматтар мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Саяси құрылымдағы мұндай келеңсіз өзгерістер ел экономикасына әсер етпей қоймады. Н.Назарбаевтың жеке билігінің нәтижесінде ел ресурстарының басым бөлігі тек президент пен оның айналасындағы адамдар үшін қызмет етті. Сыбайлас жемқорлық мемлекет сөзінің синониміне айналып, бүкіл қоғамды бүлдіре бастады. Ел азаматтарының басым көпшілігі тең экономикалық мүмкіндіктерден қайта-қайта шектетіліп, қоғамда орасан зор әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пайда болды.
Осының бәрі биылғы қаңтардағы елде бұрын-соңды болмаған жаппай наразылықтарға әкеп соғып, жер-жердегі толқулар полиция және өзге де әскери құрылымдармен тікелей және арандату арқылы жасалған қақтығыстарға ұласты. Президент Қ.Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Жүздеген адам қаза тапты. Олардың ішінде наразылықтарға еш қатысы жоқ азаматтар да бар. Мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адам азапталды. Бізге әлі Қанды қаңтар туралы толық шындықты ашу қажет.
Десе де Қазақстандағы саяси жүйенің Қанды қаңтардан соң өзгермегені қатты алаңдатады. Саяси жүйе әлі де жабық және президент Қ.Тоқаевтың жеке билігін қалыптастыруға бағытталған. Егер саяси жүйені қазір реформаламасақ, азаматтардың әл-ауқаты мен жарқын болашағы осы жүйенің басында отырған, «тұрақтылықты» сақтаймыз деген желеумен өзінің үстемдігін қорғау үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеп келгендердің жеке бас мүддесі жолында тағы да құрбан болады.
Мемлекет барлық азаматтың мүддесі үшін қызмет етуі керек. Билік әділ сайлау арқылы қалыптасатын әрі биліктің үш тармағы арасында баланс сақталатын саяси жүйе ғана бүкіл қоғамның прогрессивті дамуына негіз бола алады. Тұрақты да әділ сайлау, соның ішінде әкімдер сайлауы, дамыған өзін-өзі басқару, есеп беретін полиция, алқабилерден тұратын әділ сот – қауіп емес, тұрақтылықтың кепілі. Осы аталғандардың бәрін жүзеге асырсақ, егемендігімізді жоғалтып, сепаратизм және жершілдікті қоздырамыз деу– негізсіз манипуляция.
Біз, Қазақстанның академиялық және сарапшылар қауымының өкілдері, журналистер мен мәдениет қайраткерлері президент Қ.Тоқаевтың саяси реформаларға қатысты жариялағалы отырған үндеуі қарсаңында еліміздің әрбір азаматының назарын келесі фактілер мен ұсыныстарға аударуды міндетіміз деп санаймыз:
1. Қаңтар оқиғасын тудырған президенттің жеке билігіне негізделген саяси жүйе өзгерген жоқ. Сондықтан дағдарыстан шығу және Н.Назарбаевтың уытты саяси мұрасынан бас тарту үшін елімізге кең ауқымды конституциялық реформа қажет, соның нәтижесінде биліктің тәуелсіз өкілдік тармағы ретінде парламент айтарлықтай нығаюы тиіс. Үкімет парламент арқылы толық жасақталып, тек парламент алдында ғана есеп беруі керек. Президент Қ.Тоқаев өзінің президенттік өкілеттігін айтарлықтай қысқартуға келісуі керек. Бұл оның мемлекет қайраткері ретінде тарихи мүмкіндігі әрі тарихи жауапкершілігі.
2. Мәжіліс пен Сенатқа президент тағайындайтын (Қазақстан халқы Ассамблеясынан – ҚХА) депутаттары бар қос палаталы парламент шын мәнінде тәуелсіз болуға қауқарсыз. Сенат унитарлық мемлекетке жат және тағайындалған депутаттардың президенттік квотасын конституциялық түрде бекіту үшін құрылған. Сондықтан Сенатты тарату керек. Осы ретте Мәжілістің құрамын 265 депутатқа дейін көбейту маңызды (бұл сан халықтың жалпы санына қарай қажетті депутаттар санын анықтау үшін ғылымда қолданылатын жалпы қабылданған формула негізінде тиімді саналады). Парламентте неғұрлым көп азаматтың өкілдері болса, соғұрлым парламент пен қоғам арасындағы байланыс пен өзара қарым-қатынастың тұрақты арналарын құру мүмкіндігі жоғары болады. Депутаттар санының аздығы президенттің парламентті бақылауына қолайлы жағдай туғызады. Ұлттық азшылықтардың қоғамдық-саяси өмірге тиімді қатысуы туралы Лунд ұсыныстарына, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның басқа да ұсыныстарына сәйкес саяси және қоғамдық өмірде этникалық азшылықтардың өкілдігі қамтамасыз етілуі тиіс. Іс жүзінде президент тағайындайтын тоғыз депутат үшін ғана қызмет ететін ҚХА-ны да тарату керек.
3. Парламенттің тиімді жұмыс істеуі үшін пропорционалдық жүйені сақтау керек, бірақ біртұтас ұлттық округті әкімшілік бірліктердің шекарасы бойынша 17 округке бөлу керек. Бұл тәсіл әрбір облысқа және республикалық маңызы бар қалаға өз округтерінен парламентке әділетті жолмен депутаттардың тиісті санын сайлауға мүмкіндік береді. Осылайша жергілікті саяси күн тәртібін жалпыұлттық күн тәртібімен байланыстыру мүмкін болады. Осы жүйенің тағы бір артықшылығы – тәуелсіз кандидаттар тізімі арқылы азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігінің болуы. Қазіргідей біртұтас сайлау округін және парламенттегі депутаттардың аз санын сақтай отырып, аралас жүйеге (пропорционалды-мажоритарлық) көшу дұрыс емес және билік партиясы – «Аманаттың» («Нұр Отан») өз басымдығын сақтап қалуына қолайлы. Оның үстіне өтпелі елдердегі аралас жүйе қуатты партиялардың құрылуына кедергі жасап, президенттің мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттармен жеке-жеке келіссөз жүргізуіне, сол арқылы парламентті бақылауда ұстауына жол ашады. Жақында Қырғызстанда аралас сайлау жүйесі сынақтан өтті. Ол президентке оппозициялық партиялардың ықпалын азайтып, парламентке қатаң бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Дәл осындай жүйе қазір Грузияда жұмыс істеп, билікті бейбіт жолмен ауыстыруға кедергі болып отыр.
4. Сайлауды толық бақылау үшін қолданыстағы сайлау жүйесі, сайлау заңнамасы, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) құрылды. Сондықтан жаңа сайлауды өткізбес бұрын сайлау жүйесін және ОСК мен төменгі комиссияларды құру тәртібін толығымен реформалау қажет. ОСК тек тәуелсіз және ешқандай саяси партияға қатысы жоқ заңгерлер (адвокаттар, құқық қорғаушылар), жоғары оқу орындарының оқытушылары арасынан парламент құратын толық тәуелсіз және кәсіби орган болуы керек. Төменгі сайлау комиссияларының құрамына да тәуелсіз заңгерлер кіруі керек және олар ешбір саяси партияның мүшесі болмауы тиіс.
5. Саяси партияларды тіркеудің күрделі тәртібі мықты партиялардың қалыптасуына басты кедергі болып тұр. Режимге тәуелсіз саяси партияларсыз көпшіліктің мүддесін қамтитын саяси пікірталас та, бейбіт жолмен жүретін ұйымдасқан әрі бәсекеге толы билікке күрес те болмайды. Сондықтан 3000 (мүше емес) қол жинаған партияларды тіркеуге рұқсат беретін және аймақтық партиялардың қызметін заңдастыратын саяси партиялар туралы жаңа заң қажет. Жоғарыда көрсетілген қажетті қолдар саны, қарапайым және түсінікті тіркеу ережелері және саяси партияларға ұлттық және аймақтық деңгейде жұмыс істеу мүмкіндігін беру – Қазақстанда ашық саяси процесті бастаудың маңызды шарттары. Саяси партиялар неғұрлым дамыған болса, соғұрлым саяси балама мен демократияның мүмкіндігі жоғары болады.
6. Президент тағайындайтын әкімдерге негізделген орталықтандырылған басқару моделі бар жерде мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтық жойылмайды. Осыған орай, республикалық маңызы бар қалалардың (Алматы, Астана, Шымкент қалалары) әкімдерін тікелей сайлау алдыңғы кезектегі реформалардың бірі болуы тиіс. Осы орайда қалалық мәслихаттардың сайланған әкімдердің қызметін бақылаудағы рөлі мен өкілеттіктерін күшейту маңызды. Болашақта жергілікті өзін- өзі басқарудың заманауи бірліктері – муниципалитеттер (қалалар, елді-мекендер және ауылдық округтерді қоса алғанда аумақтық қоғамдастықтар) құрылғаннан кейін оларда да тікелей сайлау өтуі тиіс. Билікті саяси және фискалды децентрализацияламай, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық реформасыз азаматтардың мүддесіне қызмет ететін тиімді жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру мүмкін емес.
7. Президент адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ Конституцияның мызғымастығының кепілі бола алмайды. Ол кепіл кезінде Н.Назарбаев өз билігін күшейту үшін таратып жіберген Конституциялық сот болуы керек. Сондықтан конституциялық реформа барысында Конституциялық сотты қалпына келтіру қажет. Сондай-ақ Жоғарғы сот кеңесі тәуелсіз, сот жүйесін қалыптастыратын толық дербес орган болуы керек. Одан кейін прокуратураны реформалау керек. Прокуратура президенттің қолындағы жазалау құралынан тергеу процесіндегі барлық процессуалды қадағалауды және сотта қылмыстық қудалауды қамтамасыз етуді өз қолына алатын дербес органға айналуы керек. Прокуратураның экономикаға араласуын тоқтату қажет. Прокуратураның жалпы қадағалау өкілеттігі немесе соған ұқсас советтік кезден келе жатқан өзге өкілеттіктері жойылуы қажет. Осы ескірген өкілеттіктердің орнына әкімшілік әділет, мемлекеттік тегін заң көмегін, омбудсмен институтын және арнайы бақылау-қадағалау органдарын, оның ішінде Есеп палатасын дамыту керек. Жалпы, парламенттік тергеу және бақылау институтын, әсіресе қауіпсіздік саласында дамыту керек. Бізге заманауи қылмыстық процесс, классикалық алқабилер соты, жергілікті деңгейдегі магистрат соты қажет.
8. Атыс қаруын қолдану және ұсталған азаматтарды жүйелі түрде азаптау арқылы Ішкі істер министрлігі өз абыройын айрандай төкті. Сондықтан бірінші кезекте Ішкі істер министрлігі қызметкерлерін люстрациялау және Ұлттық полицияның жаңа қызметін құру – басты міндет. Ішкі істер министрлігін басқаратын азаматтық (әскери емес) министрді парламент тағайындап қана қоймай, оны полицияны жедел басқару өкілеттігінен айыру керек. Ішкі істер министрлігіндегі кез келген түбегейлі реформа мемлекеттілік пен полицияның мемлекетке адалдығына нұқсан келтіреді деп айту – манипуляциядан басқа ештеңе емес. Бізге азаматтардың әлеуметтік жағдайына, дініне, саяси сеніміне және этникалық тегіне қарамастан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция керек. Бізге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын полиция керек. Бізге азаматтар қорқатын емес, құрметтейтін полицейлер керек.
Бұл ұсыныстар тізімі тек бірінші кезекте жүзеге асырылуы қажет реформаларды қамтиды. Сонымен қатар, өзгерістер адам құқықтарының халықаралық стандарттарына және демократия қағидаттарына сәйкес болуы үшін реформаларды әзірлеуге ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының сарапшылары тартылуы керек» делінген үндеуде.
Үндеуге қол қойғандар тізімі:
1. Димаш Альжанов, саясаттанушы
2. Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы
3. Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы
4. Малика Токмади, саясаттанушы
5. Алия Тлегенова, саясаттанушы
6. Карлыгаш Кабатова, зерттеуші
7. Арман Әмір, саясаттанушы
8. Виктория Нем, зерттеуші
9. Нурсеит Ниязбеков, саясаттанушы
10. Айгерім Құсайынқызы, зерттеуші
11. Аида Алимбетова, шығыстанушы
12. Жанар Секербаева, құқық қорғаушы
13. Гүлзада Сержан, құқық қорғаушы
14. Дильда Рамазан, өнер сыншысы
15. Айзада Арыстанбек, гендер бойынша сарапшы
16. Болатбек Мухтаров, журналист
17. Арман Саин, экономист, философ
18. Медина Базаргали, зерттеуші
19. Данияр Молдабеков, журналист
20. Тимур Нусимбеков, журналист
21. Динара Егеубаева, журналист
22. Роман Захаров, суретші
23. Жар Зардыхан, саясаттанушы
24. Лейла Зулейха Махмудова, гендер бойынша сарапшы 25. Андрей Гришин, журналист
26. Галым Агелеуов, құқық қорғаушы, тарихшы
27. Фатима Джандосова, әлеуметтанушы
28. Индира Какимова, журналист
29. Арсен Аубакиров, құқық қорғаушы
30. Кудабаев Арсен, құқық қорғаушы
31. Алтынай Танашева, заңгер
32. Сергей Маринин, саясаттанушы
33. Анар Бекбасова, журналист
34. Камила Смагулова, саясаттанушы
35. Анастасия Решетняк, зерттеуші
36. Бахытжан Торегожина, құқық қорғаушы
37. Анна Климченко, зерттеуші
38. Алия Жолболдина, заңгер
39. Ирина Петрушова, журналист және редактор
40. Ольга Шиян, тәуелсіз зерттеуші
41. Аян Шарипбаев, журналист
42. Асылбек Бисенбаев, саясаттанушы
43. Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы
44. Махаббат Боранбай, зерттеуші
45. Меруерт Махмутова, экономист
46. Дамеш Сатова, зерттеуші
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024