09-02-22 |
1550 рет қаралған
«Жаңа Қазақстанда елдің пікірі, ойы ескерілсе дейміз».
«Жаңа Қазақстанда елдің пікірі, ойы ескерілсе дейміз»

Марат Тоқашбаев, ардагер журналист:

– Қаңтарда орын алған оқиғаның ең алдымен маңызын айқындап, бағасын анықтау парыз. Тыныш, бейбіт халық не үшін алаңға шықты? Олардың қарсылығын оятқан не? Шындығында елдің жаппай наразылығын тудырған қымбатшылық, жұмыссыздық, шарасыздық. Ашынған, тығырыққа тірелген, ойындағысын жеткізе алмаған халық амалсыздан осындай қадамға барды. Ал мұндай жағдайда билік органдары жедел диалог орнатуы керек еді. Қақтығыстар орын алмас үшін билік үнемі мәселені дәл болжап, бір қадам алда жүруі керек. Бірақ олай болмады. Мұны Президенттің өзі де мойындады.

 Өкінішке орай арандатушылар оңтайлы сәтті пайдаланып кетті. Соның кесірінен бейбіт шеруге шығып, өз мұңын жеткізбек болған талай жан зардап шекті. 227 адам мезгілсіз көз жұмды, қаншама адам айыпты ретінде абақтыда отыр. Бұл жараның енді қашан жазылары белгісіз. Дегенмен, Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе осы алаңдарда айтылған талап, ұсыныстардың барлығы алдағы уақытта ескерілуі керек. Жазалау, айыптау – шешім емес. Бұл одан сайын халықтың қарсылығын, өкпе, ренішін тудырады. Халықты биліктен алыстатады. Сондықтан біз елмен бірге екенімізді, халықтың қызметшісі екенімізді мойындаудан қашпауымыз керек.

Өркениеттің үлгісі саналатын Америкада 2020 жылы орын алған қақтығыс ешкімнің есінен кете қоймаған шығар. Жалған ақша қолданды деген айыппен ұсталған афроамерикалық Джордж Флойдты полицияның көпшіліктің көзінше қорлап өлтіруі бүкіл елдің ашу-ызасын тудырды. Халық бір сәтте полицияға қарсы шықты. Қарсылық дүрбелеңге ұласты. Егер полиция қызметкерлері халықтың алдына шығып тізерлеп кешірім сұрамағанда, бұл дүрбелеңнің қашан тоқтайтыны белгісіз еді. Бұл біздің полицияға да қатысты. Полицияның жазалаушы әрекетіне байланысты қарсылық күшейіп тұрған қазіргідей кезде сенімді орнатып, түсіністік қалыптастырудың бір жолы осы.

Сонымен бірге, қаңтар қақтығысынан кейін халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай Жаңа Қазақстанның қалыптасқанын көргісі келеді. Ал Жаңа Қазақстанды жаңа Конституциясыз құру мүмкін емес. Конституцияны толықтырып, өзгерту мәселені шешпейді. Өйткені 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған 98 баптан тұратын Бас құжатқа бүгінге дейін 90-нан аса өзгеріс енгізілді. Көптеген мемлекеттерде Конституция қабылданғаннан бері бірде бір рет өзгертілмеген. Ал біздікі қырық құрақ. Алдағы уақытта осы мәселені ескеру керек.

Қазақстанда екі палатадан тұратын Парламентті ұстап отыру да артық. Бізге Мәжілістің өзі жеткілікті. Сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясын да тарататын кез жетті.

Жаңа Қазақстанға қажеттінің тағы бірі – Конституциялық сот. Ол Президенттен жоғары тұрып, халықтың таңдауы, сайлауы арқылы қалыптасқаны жөн.  Оны Президенттің таратуға, өзгертуге құқығы болмауы керек.

Сайлауға да өзгеріс енгізу маңызды. Қазіргідей жанама сайлаудан бас тартатын уақыт жетті. Соның кесірінен халықтың құқығы аяққа тапталып отыр. Әсіресе полиция қызметін мүлде басқа сипатта құрғанымыз жөн. Халықтың салығынан айлық алып отырған құзырлы орган өкілдері халыққа қызмет етуі тиіс қой. Полиция халықты жазалаушы емес, халықтың қызметшісіне айналғаны абзал. 

Айналып келгенде бізге сыпыртқы сияқты төбеден сыпырып, бақылап отыратын билік емес, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, елмен санасатын билік керек. Жаңа Қазақстанда елдің пікірі, ойы ескерілсе дейміз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.