31-05-22 |
1740 рет қаралған
«Жазықсыз жандар құрбан болды».
«Жазықсыз жандар құрбан болды»

Марат Тоқашбаев,
қаламгер, журналист:

– 2022 жылы қаңтарда болған оқиға «Қаңтар оқиғасы» деп аталғанымен, іс жүзінде ол қазақ халқының олигархтық топтарға қарсылығы болатын. Әуелде бейбіт түрде наразылық Жаңаөзенде басталып, кейін 44 облыс орталықтары мен аудан орталықтарында және 26 үлкен елді мекенде өтті. Бұған билікті басып алуға мүдделі топтардың ішінен шыққан арандатушылар араға килікті. Олар мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Әрі мұндай бассыздыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жүргендердің қатысы болғанын білдік. Біразын жазалап та үлгерді. Сондай арандатушы жасақтар ел ішіне кіріп кетіп, ғимараттарды өртеп, дүкендерге шабуыл жасады. Әкімдіктерді өртей бастады. Ұрлық-қарлыққа жол берді. Бұдан қарапайым халық зардап шекті. Осы тұста саясаттан хабары жоқ, ауылдан келген жастар арандап қалды. Соның салдарынан қаңтар оқиғасы трагедиялық сипатқа ие болды. Теріс діни ағымдағылардың да әсері болғаны рас. Төңкеріс жасауға барын салып, ойран қылған топтың бұл әрекетінен жазықсыз адамдар, полиция қызметкерлері, бейбіт шеруге шыққандар қаза болды. Мемлекеттік төңкеріске ұмтылыс жасағандар қанды қырғынға ұластырмағанда жазықсыз жандар құрбан болмас еді.
Сондықтан билік те, халық та бұдан лайықты сабақ алуы керек. Елді ашындырмай, диалог орната білу керек екенін ұққан абзал.
Халықтың тағы бір меңзегені – ұлттық мемлекет бағытын ұстану керегін айтқысы келгені. Әрине, билік азаматтық мемлекет құруға тырысты, белгілі бір деңгейде нәтижеге жетті. Ендігі мәселе алдыңғы биліктің жіберген қателіктерін түзетуіміз қажет.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.