25-06-20 | 10:54
Министр: Халықтың табысы төмен.
Министр: Халықтың табысы төмен

фото: almaty.tv

Халықтың табысы төмен. Ол 59 мың теңгеден аспайды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

“Жалпы халықтың табысы төмен көп емес, төмен. Біз сараптама жасадық. Бір адамға шаққанда халықтың табысы 59 мың теңгеден аспай отыр. Оның бәрі жалақыдан шығады. Себебі жалақы алып жүрген азаматтар бәрімізді қамсыздандырып отыр, әлеуметтік көмекте сол кісілердің есебінен жасалып отыр. Кезінде Маргрет Теччер айтқандай “Мемлекеттік бюджет деген түсінік жоқ. Ол салық төлеушілердің ақшасы”. Сондықтан біз жұмыс істеп жатқан азаматтарды біз қолдауымыз керек. Бірақ өкінішке қарай орта жалақы 200 мың теңгеден аспай тұр” деді министр.

Министрдің айтуынша, жұмыс істеп жүрген азаматтардың 77 пайызы 200 мың теңгеден де төмен жалақы алады. Мәселен, ауылшаруашылық саласындағы жалақы 105 мың теңгеден аспай тұр.

Қазіргі кезде бюджет қызметкерлерінің саны 1 миллион 300 мыңдай адам. Былтыры маусым айында олардың жалақысы 30 пайызға көбейген.

Сондай-ақ министр ең төменгі жалақы мөлшері реттелетінін айтты.

“Ең төменгі жалақы орташа жалақының 21 пайызы. Бұл өте аз. Сондықтан біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз. Қазіргі дағдарыс кезінде оны жүзеге асыру қиындай. Біз оны алдағы жылдары кезең-кезеңімен арттырамыз” деді Біржан Нұрымбетов.

Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 500 теңге.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk