30-11-20 | 21:50
Монумент ашқыш Сапарбаев Ақ Ордадан гөрі «Кітапханаға» көбірек иек артады….
Монумент ашқыш Сапарбаев Ақ Ордадан гөрі «Кітапханаға» көбірек иек артады…

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласынан коронавируспен күресушілерге арналған «Biz Birgemiz» монументін ашты. Бұған дейін аймақ басшысы облыс әкімдігінің бюджетінен 158 миллион теңгеге «Қазақ халқына – мың алғыс» монументінің тұсауын кескен болатын. Осы ретте «Бердібек Машбекұлының монумент ашқаннан басқа жұмысы жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ коронавирусты толық жеңбей тұрып «Biz Birgemiz» монументін ашу қаншалықты орынды?

Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылған «Biz birgemiz» монументінің композициясы жер планетасы түрінде жасалған. Оның айналасында дәрігерлер, полиция қызметкерлері, еріктілер, құтқарушылар, әскери адамдар орнатылған. Ескерткіштің жоғарғы жағында бейбітшілік пен келісімді бейнелейтін қарлығаштармен қоршалған шаңырақ орналасқан.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, ашаршылық, соғыс және қуғын-сүргін кезінде ата-бабаларымыз түрлі ұлт өкілдеріне құшақ ашып, қол ұшын созған. Сондай-ақ аймақ басшысы «Biz birgemiz» монументінің орналасқан жерінің таңдалуы тегін емес екенін ескертті. Өйткені жақында кешеннің жанынан бірнеше медициналық мекемелер бой көтереді.

«Сондағы халықтың бірлігі қиын кезеңдерді өткеруге көмектесті. Биылғы жыл бәріміз үшін ауыр болды. Бұл кезеңде де халқымыз өзінің ең жақсы қасиеттері – бірлік пен ынтымағынан тайған жоқ. Осы ескерткіште көрініс тапқан маман иелерінің күшімен біз жағдайды тұрақтандыра алдық. Бұл, әсіресе, өз денсаулығына төнген қауіпке қарамай күндіз-түні жұмыс істеген дәрігерлерге қатысты. Өкінішке орай, біз олардың кейбірінен айырылып қалдық. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген еріктілер туралы да айрықша атап өткім келеді. Осындай жастарымыз бар кезде, біз ертеңгі күнге сеніммен қарай аламыз», – деді Бердібек Сапарбаев.

Әлемге жайылған қауіпті індет елімізде әлі тиылған жоқ. Мәселен 29-қазан күні еліміз бойынша 794, ал облыста 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Жалпы облыста 4422 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, емделіп жатқанда «Biz birgemiz» монументін ашу – ақылға сыйма ма? Бәлкім қауіпті індеттің көзін біржола жойып болған соң аталған монументті ашқан дұрыс шығар. Алайда, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бюджет қаржысын оңды-солды шашып, көзбояушылығын қояр емес.

Бұған дейін БАҚ-да «Қазақ халқына мың алғыс» монументін облыс әкімдігінің бюджетінен 158 миллион теңгеге тұрғызылғаны жарияланған болатын.  Осыған байланысты arasha.kz сайты «158 миллион теңге немесе Сапарбаевтың бүйрегі кімге бұрады?» деген тақырыпта мақала жазды. «Бюджет қаржысын негізсіз шашты» деген сыннан қаймықты ма екен, әйтеуір бұл жолы «Biz birgemiz» монументіне қанша қаржы бөлінгені жарияланбапты. Алайда «Қазақ халқына мың алғыс» монументінен әлдеқайда көлемді «Biz Birgemiz» кешеніне кемі 200 миллион теңге кетуі мүмкін.

Бәлкім 158 миллион теңге. Енді бұл жағы маңызды емес.

Қазір Тараз қаласында «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 73 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтерді алу үшін 1 млн 200 мың теңге керек. Егер облыс әкімі «құр босқа ақша шашпайық» деп қос монументке кеткен 358 млн теңгені 358 отбасына 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаты ретінде ұсынса, тіпті тамаша болар еді. Онсызда «пиарды» жақсы көретін әкімнің атағы облыстан асып, республикаға тарайтыны бесенеден белгілі.

Ал пәтерлі болған азаматқа 20 жыл бойы 80 мың теңгені төлеу аса қиын емес. Өйткені 4 баласы бар отбасы 44 мың, ал 5 балалы отбасы 56 мың теңге Үкіметтен жәрдемақы алып отыр. Демек 80 мыңға жетпеген (44+36=80 немесе 56+24=80) қаржыны табу кеудесінде жаны бар адамға түк те емес. Өкінішке қарай, мақтаулы әкімнің басы бұл нәрсені ойлауға жетпей отыр. Әйтпесе карантиннен титықтап отырған халыққа қос монумент не керек?

Белгілі журналист Салима Дүйсекова әкімдік қызметкерінің талғамсыз әрекетіне нарызылық білдіріп, пост жазған екен. Аталған постқа 100-ден астам адам пікір қалдырып, 29 азамат бөліскен. Халықтың басым бөлігі қаржыны босқа шашудың астарында жемқорлық жатқанын жазады. Сондай-ақ азаматтар монумент салғанша коронавируспен ауырғандарға дәрі-дәрмек алу маңызды екенін ескерткен. Алайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін Үкімет» деген саясаты Жамбыл облысына әлі жеткен жоқ. Әйтеуір Бердібек Сапарбаев Ақ ордадан гөрі, Кітапханаға көбірек иек артатын көрінеді.

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk