27-11-20 | 12:16
Мүгедектер статусы айқындалуы керек.
Мүгедектер статусы айқындалуы керек

«Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталының мәліметінше, елде 661 232 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 98 157-і 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар. Демек біздің елде мүмкіндігі шектеулі мыңдаған жандардың әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғалуы құжат бойынша қатып-ақ тұр.

Мемлекеттік жәрдемақылар мен өтемақыларды, жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдерден бөлек, олар сауықтыру, қоғамға бейімделу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кірумен қамтамасыз ету, ақпарат пен білім алуына, кез келген қызмет түрін еркін таңдауына, тегін медициналық көмектің кепілденген көлеміне ие болуына құқылы. Сондай-ақ, кәсіби дайындықтан өтуіне, еңбекке жарамдылығын қалпына келтіруіне, жұмысқа орналасып, тұрғын үй заңнамасына сәйкес үй алуына да мүмкіндігі бар. Мемлекеттік және басқа да ұйымдарда, соның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет саласында бірінші кезекте қызмет көрсетіледі делінген.

Құжатта солай делінгенімен, шынайы өмірде мүгедектердің мүмкіндігі шектеулі көрінеді. Мәселен, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовқа екі-үш рет барып, аймақ басшысына базынасын айта алмай кеткеніне ашынған үштөбелік Болат Әбілдиновтің екі қолы да протез. Екі жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуін сұраған мүмкіндігі шектеулі жанның мұңын тыңдауға әкімдіктегілер құлықсыздық танытқан соң, амалы таусылған Болат жұрттың көзінше өз-өзіне қол жұмсамақ болды.

Баспана беру жолдары нақты шешілмегендіктен де кемтар жандардың тұрғын үй кезегі де ұзақ күттіреді. Қайбір жылдары тірі адамды өлілердің тізіміне кіргізіп, тиесілі тұрғын үйді басқа біреуге беріп жіберген жергілікті билік. Тағы бір жолы әкімдік екі мүгедекке бір үйдің кілтін ұстатып, баспана бірінші барғанның еншісінде қалып, екіншісі есіктің сыртынан қайтқаны бар. Ал Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Нұрсәлім Ирмадиевтің өздеріне тиесілі баспанасынан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Болат пен Нұрсәлім секілді тұрғын үйдің кезегін сарыла күтіп, тиесілі баспанасын заң бойынша ала алмай жүргендер жетерлік. Өйткені, мүгедектерге тұрғынжай жергілікті әкімшілік тарапынан есепке қойылады дегенмен, бұл норма кемтарлар үшін кепілдік болып табылмайды. Мәселен, қолданыстағы заңда «Тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қою мен мүгедектер, мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнайы құралдармен және жабдықпен жабдықтауды қамтамасыз ету жергілікті орган жүзеге асырады» деп көрсетілген. Мүгедектердің құқын қорғаушы ұйымдар осы жердегі «жергілікті әкімшілік бюджетті» республикалық бюджет есебінен шешілу тиіс деп санайды. Себебі, жергілікті әкімдік «бюджетте үй сатып алатын ақша жоқ» деген сылтаумен мүгедектерді үймен қамтамасыз ету жағдайының шешілуін сағызша созады екен.

Біздің алдымыздағы ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Осы мақсатта барша кәсіпкерлерді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырамын», – деген еді Елбасы кезекті бір жолдауында. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді өмірге тартамыз, мұндай азаматтар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады деген. Дегенмен, мүгедектердің кедергісіз кеңістікте өмір сүрмек түгілі, күнделікті жүріп-тұруының өзі қиынға соғып тұр. Мәселен, қоғамдық орындар мен тұрғын-үйлерге шығып-түсуі мұң. Бар пандустың өзі кейде талапқа сай болмай жатады. Көзі нашар көретін зағип жандарға арналған тактильді жолақтар да көп жерде жоқ.

Өмірге ынталандыру үшін мүгедектерге кәсіппен айналысуына, білім алуына, спортпен шұғылдануына, емханада емделуіне мемлекетпен кепілдендіріліп, қолдарына арнайы карта берілуі тиіс. Заң нормаларында мүгедектер статусы туралы арнайы жеңілдіктер нақты бекітілуі керек. Мәселен, көз жанары дұрыс көрмейтін танысымның анасы жыл сайын бір ғана дәріні 150 мыңға сатып алатынын, оның сыртында Көз аурулары институтындағы әрбір есікке кіру мен көзәйнекке шығындайтын қыруар қаржысы бар, бұдан бөлек, жыл сайын ота жасатуының өзіне 300 мыңын жұмсайды екен. Зейнет жасы мен қолындағы мүгедектігі бар қағаздың қажетке жарап, тегін қызметке қашан қол жеткізері белгісіз. Тіпті, 70-тен асқан кейуананы сауықтыру орталығына жіберіп, тегін жолдама бере алмайтын мемлекеттегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйінің өзі жарымжан екенін байқайсың.

Осы күні өздеріне тиесілі әлеуметтік көмек-жәрдемдерін жергілікті әкімшіліктен ала алмай, сотқа арыз түсірген зағиптардың тиесілі ақшасы әлі күнге берілмей келеді. Тіпті, кейбір жұмыс берушілер мазақ қылғандай, екі көзі көрмейтін зағиптарды қолдан келмейтін жұмысқа шақырады екен. Зағип құқық қорғаушы Руслан Мамытов Зағиптар қоғамына барып, көңілі қалғанын жасырмайды. «Тағдырдың қатал сынына ұшырап, жанарымнан айырылған алғашқы жылдары  Зағиптар қоғамының директорына «Немен айналысуға болады?» деп сұрап бардым. Сондағы естіген жауабым «Кір қыстырғыш жаса, ал бұл қолыңнан келмесе, жер асты өткелінде немесе мешіттің жанында отырып қайыр-садақа сұра, бұдан басқа не деймін?!» деп қарап тұр», – дейді. Оның айтуынша, 2006 жылы бір ғана Алматының өзінде мүгедектерге көмектесетін үш мыңға жуық ұйым болған. Бірақ аты бар, заты жоқ ұйымдардан жарымжан жандарға келіп кетер пайда болмаған. Керісінше барлығы бір схемамен жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі бірнеше адам жиналып, көмек сұрап жан-жаққа хат жазған да, жиналған ақшаны қоғамдық бірлестік мүшелері бөліп алып отырған. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар мұңын ескеріп, арнайы статусын бекітпей мұндай мәселелердің тоқтауы неғайбыл.

Ж.Мүсілім

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.