13-02-20 | 13:23
Мұхтар Жәкішев үшінші мәрте мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берді.
Мұхтар Жәкішев үшінші мәрте мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берді

“ҚазАтомПром” компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев осымен үшінші мәрте мерзімінен бұрын босату туралы сотқа өтініш берді деп хабарлайды оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев өзінің Facebook парақшасында.

” 2020 жылдың 6 ақпанында Мұхтар Жәкішев осымен үшінші мәрте мерзімінен бұрын босату туралы сотқа өтініш бергенін асыға хабарлаймын. Оны Семей соты 10 ақпанда қабылдады”, -деп жазады адвокат.

Айта кетейік, былтыр, 2019 жылдың 24 шілдесінде Семей қалалық сотының судьясы  Ермек Шымыров Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді. Ал 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық соты Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы апелляциялық арызын “шешімді өзгертуге негіз жоқ” деп кері қайтарды. Сотталушының адвокаты Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевтің жағдайы тым ауыр екенін көрсететін дәрігерлердің анықтамасын сотта дәлел ретінде көрсеткен.

Еске салсақ, “ҚазАтомПром” компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы “жемқорлық” айыбымен 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта Жәкішев мерзімінің он жылдан артық уақытын түрмеде өткізді.

Мұхтар Жәкішевті түрмеден босату туралы талап қоғам белсенділері тарапынан жиі қойылады. Елде Жәкішевке бостандық талап етілген наразылық акциялары да өткізіліп келеді. Алайда олардың талаптары орындалған жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.