18-02-21 |
Мұрат Бақтиярұлы: Ашаршылық геноцид емес.
Мұрат Бақтиярұлы: Ашаршылық геноцид емес

Біз Ресейге неге жалтақтаймыз? Біз бөлек мемлекетпіз. Біз қарар қабылдадық. Сол қарарда Омск, Томск, Орынбор, Астрахань секілді Қазақстанға жақын облыстардың архивтерін ашу туралы ұсыныс айттық. Біз мұрағаттардағы құжаттарды алуымыз керек. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының бұл туралы ойын Arasha.kz тілшісі жазып алды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел модераторы болған депутат тарихтан саясат іздемеуді сұрайды.

«Ашаршылық тақырыбына әркім әртүрлі пікір айтады. Бұл мәселеге екі жақтан қарау керек. Жалаң сөз, жалаң ұранға қарағанда, тарихи деректерге сүйенген дұрыс.

Сол кездегі большевиктер партиясының съезінде «қазақты, көшпелі ұлтты құртыңдар» деген бір де бір қарар, шешім қабылданбаған. Тарихшы ретінде айтамын. Мысалы, фашизмнің негізін салған Гитлердің бүкіл саяси партиясының тұжырымдамасында «еврей ұлтын, славян ұлтын құртыңдар» деген тапсырма бар. Қудалаңдар, ұрыңдар, өлтіріндер деп бұйырған. Ал большевиктер партиясының съезінде ондай қарар жоқ. Бұл –бір. Екіншіден, тағы да тарихи деректерге сүйенсек, ашаршылық тек Қазақстанда болған жоқ»,- дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы ашаршылық жылдары ұлттың ұлтқа қастандық жасамағанын айтты.

«Ресейде 2,5 млн адам аштықтан қырылып қалды. Ресейге туысқан ел Украинада қаншама халық безіп кетті. 1931-1933 жылдары Батыс Сібір, Кубань жерлерінде қаншама халық жойылып кетті. Сондықтан мен бұл жайды саясиландырудан гөрі тарихи деректермен негіздеуді жөн көремін. Бұл жердегі ең басты нәрсе – 1921-1922 жылдар, 1931-1933 жылдар, оның алдындағы азаматтық соғысы. 1931-1933 жылдары ашаршылықтың қиын кездері болды. Тоталитарлық большевизм жүйесі кінәлі екенін көремін. Өйткені жергілікті халық, қазақ халқының негізгі шаруашылығы, күнкөрісі көшпелі мал шаруашылығы болды. Олар ұрандарында «Европа елдерін басып озамыз» деді. Малдарын алып, отырықшылыққа үйрететін болсақ, тез дамып кетеді деген ұран тастады. Оның бәрі бекер болды»,- дейді ол.

Депутат ойын ашаршылық кезіндегі Ресей халқының жайымен жеткізді және 1931-1933 жылдары геноцид болмағанына сенімді.

«Сол кездері Орал, Ақтөбе жеріндегі казактар қырылып қалған. Көбісі безіп Ташкентке, Өзбекстанға кетті. Сондықтан бұл жерде бір ұлт екінші бір ұлтқа геноцид жасаған жоқ. Олай деуге менің аузым бармайды. Негіз болар тарихи дерек жоқ. Зерттеуді мұрағат деректеріне сүйеніп жасау керек. Ал 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді геноцид деуге келеді. Қазақтың ең мықты оқымыстыларын тұтқындау, атып өлтіру – геноцид. Бізде БҰҰ қабылдаған конвенция бар. Сол конвенцияда геноцид деген сөзге анықтама береді. Геноцид- бір ұлттың екінші ұлтты қасақана өлтіру, қудалау туралы тапсырмалары. Бұл жағдай фашизм кезінде болды. Гитлер тапсырма берді.
Ашаршылық кезінде орыс ұлтының өзі қырылды. Оны қалай айтуға болады? Олар өз ұлтына геноцид жасай ма? Осы жерде Өзбекстанда неге ондай болмады деген сұрақ туады. Өзбекстан егін шаруашылығына икемделген мемлекет. Өзбекстанда суармалы егістік болған соң аштық көзге көрінген жоқ. 1930 жылдары менің өзімнің аталарым, туыстарым бас сауғалап, Сыр бойынан Өзбекстанға өтіп кетті»,- дейді ол.
Депутат ашаршылық тақырыбын көп саясаттандыруға келмейтінін айтты. Қазақстанның Ресейге жалтақтауы мүмкін емес деп сендірді.

«Біз Ресейге неге жалтақтаймыз? Біз бөлек мемлекетпіз. Біз қарар қабылдадық. Сол қарарда Омск, Томск, Орынбор, Астрахань секілді Қазақстанға жақын облыстардың архивтерін ашу туралы ұсыныс айттық. Біз мұрағаттардағы құжаттарды алуымыз керек. Сол кезде қанша адам қаза тапты, қанша адамның малын тартып алды деген мәліметтерді білеміз. Сонымен қатар 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекеттік деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыруымыз керекпіз. Ел болып құрмет етуге міндеттіміз», -дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Еске сала кетсек, осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық тақырыбын саясиландырмауды ескерткен еді. Кейін Arasha.kz сайты Әшімбаевтың ойына қатысты сұқбат берген саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойын жариялады. Саясаттанушы ашаршылық туралы ашық айтылса, Кремльдің көңіліне кірбің түсетінін ашық жеткізді. Ал тарихшы Талас Омарбек ашаршылық биліктің 30 жыл бойы қашқан тақырыбы екенін айтты. Қоғам қайраткері Смағұл Елубай болса, Әшімбаевтың ашаршылық туралы Сенатта тыңдау өткізетінін хабарлады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.