21-01-21 | 09:01
«Нәресте өлімі»: Атышулы істе сот анықтаған тың деректер.
«Нәресте өлімі»: Атышулы істе сот анықтаған тың деректер

18 қаңтарда Атырауда облыстық перинаталды орталықтың тоңазытқышына салынған сәби өліміне қатысты іс бойынша сот процесі аяқталды. Жаңа туған нәрестені алдын-ала сөз байласу арқылы өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталды орталықтың дәрігерлеріне сот үкімі шықты.

Сот оларды кінәлі деп танып, перинаталды орталықтың бұрынғы директоры Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫ 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАНДЫ – 16 жылға, акушерка Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВАНЫ – 15 жылға бас бостандығынан айырды. Неонатолог-дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАМБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығы шектелді.

Үкім шығарған кезде олар қабылдаған «Гиппократ антын» бұзғанын сот айыпталушылар үшін ауырлататын мән-жай деп таныды.

Судья Гүлмира ДАУЛЕТОВА сот үкімін оқып жатқан өзінің жаза мерзімін (16 жылға бас бостандығынан айыру) естіген акушер-гинеколог Асқар Қайыржан «Мен келіспеймін!» деп, айыпталушыларға арналған кабинаның әйнегін ұра бастады. Сол сәтте судья қарауылға оны сот залынан алып кетуді тапсырды.

Бірер минуттан соң Қуаныш Нысанбаевтың (18 жыл) әйелі судьяға дауыс көтеріп, «Сіз де антикорда жұмыс жасайсыз! Оңбаған! Жеті ай бойы не тыңдадыңыз?!» деп айқайлай бастады. Оны да сот приставы сот залынан шығарып жіберді.

Судья сот үкімін оқып болған соң сотталушылардан «үкім түсінікті ме?» деп сұрады. Нысанбаев ештеңе түсінікті емес екендігін айтып, соттың әділ болмағанын және «Әлімбаева неге мұнда жоқ? (кезекші неонатолог – А.А.). Баланы бірінші болып тексерген сол ғой!» деп айқайлай бастады. Бұдан соң қарауыл оны да сот залынан алып кетті.

Акушер Жәмила Құлбатырова (ол 15 жылға сотталды) да үкіммен келіспейтінін айтты.

– Дәрігерлердің айтқанын істедім, еш кінәм жоқ! – деді Құлбатырова айқайлап.

Судья үкімді жариялап болған соң, сотталушылар мен адвокаттарға 15 күн ішінде апелляциялық шағым беруі керек екенін ескертті.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛЫП ЕДІ

Бұл сот ісі былтыр 27 мамыр күні басталған еді. Сотқа 14 айыптау эпизоды бойынша іс материалдары жолданды. Неонатологтарға қылмыс туралы хабарламады деп айып тағылды. Нысанбаевқа мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не оған теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салды, лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдаланды, бірнеше рет пара алды, айтарлықтай мөлшерде пара берді, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам жасаған алаяқтық жасады, ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» және алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтірді деп айыпталды. Қайыржан мен Құлбатыроваға да алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтірді деген айып тағылды.

Олар 2019 жылдың 29 қыркүйекте уақытынан бұрын босанған (26 апталық) Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВАНЫҢ тірі нәрестесін облыстық перинаталды орталықтың тоңазытқышына салған. Бұл туралы Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаевты пара беру күдігі бойынша жасырын тергеу әрекеті кезінде анықтады. Олар бірнеше айдан бері Нысанбаевтың ұялы телефон номерін тыңдап жүрген болатын. Бұл туралы сот процесіне былтыр 18 тамызда жауапталуға шақырылған Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Мейрамбек СИПУЛЛАЕВ егжей-тегжей айтып берген болатын.

Оның айтуынша, ол 2019 жылдың 25 мамырында перинаталды орталықта босану кезінде қайтыс болған 25 жастағы Ақжан Ережепованың өліміне қатысты «қажетті» қорытынды бергені үшін Сот-медицина сараптамасы институтының директорына 300 мың теңге пара берді деген күдікпен Нысанбаевты бақылауға алған тергеу-жедел тобын басқарды. Ол сотта Нысанбаевтың телефонын тыңдау кезінде адам өлтіру қылмысының ашылғанын айтып берді.

29 қыркүйекте босанған Нұржамал Тұрымбетованың сәбиінде тіршілік нышаны болмай, оны өлі туылған деп ресімдейді. Бірақ тоңазытқышқа апарған кезде сәбидің аяғы қозғалады, сол кезде кезекші акушер-гинеколог Асқар Қайыржан директор Қуаныш Нысанбаевқа қоңырау шалып, акушер Жәмила Құлбатырова нәрестені тоңазытқышқа салайын десе, оның қозғалып жатқанын хабарлайды. Нысанбаев оған нәрестені тоңазытқышқа салуды тапсырады.

Әрі қарай бұл іс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен полиция департаментінің қызметкерлерінен ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Топты енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Асқарбек ЕРМҰҚАШЕВ басқарады.

АТЫ ШУЛЫ ІСКЕ ҚАТЫСТЫ СОТ НЕНІ АНЫҚТАДЫ

Сот тергеуі барысында айыптау актісі қайта жасақталды.  Дәлелдердің жеткіліксіз болуы себепті процессуалды прокурор айыптау актісін 7 эпизодқа қысқатты. Сот үкімі жария етілген соң

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі өз сайтында «нәрестенің өлімі туралы» іс бойынша аяқталған процестің нәтижелері туралы баспасөз хабарламасын жарияланды. Атап айтқанда, айыптау эпизодтары бойынша ақпарат. Сонымен, сот нені анықтады.

Кісі өлтіру және қылмыс туралы хабарламау эпизоды бойынша

2019 жылдың 29 қыркүйегінде жәбірленуші Нұржамал Тұрымбетова мерзімінен бұрын босанып қалып, дүниеге тірі нәрестені (қыз бала) әкелген. Қайыржан балаға қарау жүргізіп, директор Нысанбаевтың уақытынан бұрын туған нәрестеге реанимациялық көмек көрсетуді тоқтату және кейіннен ұрықтың қайтыс болуы туралы медициналық құжаттарға әдейі жалған ақпарат енгізу арқылы оның өлімін анасының құрсағында қаза болғандығы жөнінде шаралар қабылдау, жұмыс статистикасына әсер еткізбеу туралы ауызша нұсқауларын біле тұра, осы заңсыз нұсқаулықты орындап, босану бөлімшесінің акушеркалары Жәмила Құлбатырова және Тұрароваға нәрестеге қатысты құжаттар антенаталды болып толтырылатындығын айтқан. Содан кейін бала залалсыздандыру бөлмесіне орналастырылып, оған медициналық көмек көрсетілмеген. Қайыржан нәрестенің анасына сәбидің қайтыс болғаны туралы хабарлады. 2 сағаттан кейін акушер Құлбатырова зарарсыздандыру бөлмесіне келіп, нәрестенің өмірге құлшынысы бар белгілерін көріп, бұл туралы Қайыржанға айтты. Қайыржан баланың тірі екенін көріп, неонатолог-дәрігерлер Жұмабаева мен Нұрмахамбетовты шақырып, бұл туралы директор Нысанбаевқа хабарлады. Нысанбаев шала туған баланы жансақтау бөліміне жатқызғанда аман қалмау туралы перинаталдық орталықтың статистикалық көрсеткіштерін бұзбау мақсатында, Қайыржанға баланы тоңазытқышқа салуды тапсырды.

Қайыржанның тапсырмасы бойынша Құлбатырова баланы тоңазытқышқа салып, соның салдарынан бала қайтыс болған.

Жұмабаева мен Нұрмахамбетов қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған жоқ.

Сотталушылардың өлтіру және қылмыс туралы хабарламағандары зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен, куәлардың жауаптарымен, телефон арқылы сөйлескен әңгімелердің стенограммасымен, Нысанбаев пен Қайыржанның жаңа туған нәрестені өлтіру әдісін талқылауы жасырын тергеу әрекеттері нәтижесінде жазылған аудиожазбалармен, бейнетаспалармен толықтай өз дәлелін тапты. Дауыстардың сотталушыларға тиесілігі сарапшылармен расталды. Сот-медициналық сарапатаманың қорытындысы бойынша, төмен температуралы тұйық кеңістікте болған кезде баланың оттегі жетіспеушілігінен қайтыс болуы анықталды.

Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану эпизоды бойынша

2019 жылдың 13 қыркүйегінде сағат 13.20 шамасында жәбірленуші Молдағалиеваның баласы тірілей дүниеге келіп, кейін перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны анықталды.

Нысанбаевтың нұсқауы бойынша босану журналына баланың өлі туғаны туралы жазба енгізілді.

Нысанбаевтың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, Нысанбаев пен патологоанатомиялық бюроның бас дәрігері Молдағалиевтің арасындағы телефон әңгімелерінің аудиожазбасымен расталады. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен Молдағалиеваның сәбиі тірі туылғаны анықталды.

Пара беруге оқталу эпизоды бойынша:

2019 жылғы 31 тамызда Нысанбаевтың алдын ала келісім бойынша куәгер Төлегенмен кездесіп, перинаталды орталықта өлі босанған әйел Ережеповаға қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша оң шешкені үшін 300000 теңге салынған конверт бергені анықталды. Алайда Төлеген оны алудан бас тартты.

Бұл жағдайлар куәгердің айғақтарымен, телефон әңгімелерінің аудиожазбасымен расталды.

Пара алу айыбы бойынша:

Нұрмұхановтан 10000 теңге, Абілхайрдан 2000 теңге, Есжановтан 10000 теңге пара алды деген айып өз дәлелін тапқан жоқ. Ақша қаражаты алынған жоқ, берілген заттар бейнежазбада көрінген жоқ.

Дәрігер-зертханашы Салимоваға 1 139002 теңге сомасындағы жалақыны негізсіз аударған деген айып расталған жоқ. Дәрігер науқастарды қабылдау жүргізгені анықталды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk