Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов шетелдік блогерлерге қаланы жарнамалау үшін төлеген ақшаның қалай жұмсалғанын түсіндірді.
Әкім орынбасарының айтуынша, шетелдік блогерлердің келуіне Алматының туризм басқармасы 28,6 млн теңге бөлген. Оның үстіне бұл гонорар емес, бір адамға жұмсалған орташа шығын, оның ішіне – әуе жолы, жататын орны мен тамақтану кіреді.
«Орташа есеппен бір адамға 670 мың теңге жұмсалса, оны 40 блогерге көбейтетін болсақ 28,6 миллион теңге шығады», – деді Мақсат Қиқымов өткен брифингте.
Қиқымбаев сондай-ақ блогерлердің оңтүстік астанаға сапары әлі де күшінде екенін атап өтті. Қазіргі таңда туристердің 20 адамнан тұратын тобы Алматыны аралап үлгерген.
Туризм басқармасы блогерлер бес күн бойы қалада болып, Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе, Іле-Алатау ұлттық саябағы секілді танымал орындарды аралағанын айтты.
Қалған топтың Қазақстанның оңтүстік астанасына осы жылдың соңына дейін келулері қажет. Осыдан кейін мердігер блогерлердің саны мен қамтыған аудиториясы жөнінде есеп беретін болады.
«Жыл соңына дейін Түркия, Румыния, Катар, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерден келетін тағы бір туристер тобын күтеміз», – деді Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді.
Оның сөзінше, блогерлерді мынадай ережелер бойынша таңдаған: жазылушылардың саны 300 мыңнан кем болмауы қажет және блогтың мазмұны мен аудиториясы ауқымды болуы шарт.
«Қазір Алматыға келген блогерлер үйлеріне оралып, сапар жайында контент жасап, оны желіде жариялайтын болады. Әрі қарай, біз жалпы қамту туралы ақпарат аламыз және блогерлердің қайсысы халықты қызықтырғанын қадағалайтын боламыз», – деп атап өтті Сабина Аманкелді.
Мақсат Қиқымов бұл шара бюджет есебінен өткізілгенін айтып, әкімдік спорттық туризм аясында мұндай шараларды жыл сайын өткізіп тұратынын жеткізді.