Ашаршылық ұлтымыздың тарихындағы, санасындағы – үлкен қасірет, қайғы, жазылмас жарақат. Кім кінәлі екенін білеміз, айыптаймыз.
Бұл туралы ойын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлы айтты.
Депутат Сенат, Білім және ғылым министрлігінің мемлекет тарихы институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бірлесіп, «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде айтқан ойын желіде бөлісті.
«Қуантарлық жәй, дөңгелек үстел барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы салада жүрген ғалымдарға, өнер қайраткерлеріне толық қолдау көрсететінін айтып, арнайы Ұсынымдар қабылданды. Нақтылап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерімен бірге – Ашаршылық құрбандарын әр жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекет деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыру мүмкіндігін; Ашаршылық жылдарын ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында «Аза Сарайы» мемориал-кешенін салу туралы; ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында ашаршылық қасіреті жайлы тарихи, ғылыми зерттеліп зерделенген деректер негізінде кітаптар, театрлық қойылымдар мен фильмдер шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынылды»,- деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.
Депутат жиында «Ашаршылық және ұлттық жады» тақырыбында баяндама оқыған болатын.
«Ашаршылық ұлтымыздың тарихындағы, санасындағы – үлкен қасірет, қайғы, жазылмас жарақат. Кім кінәлі екенін білеміз, айыптаймыз.
Бұл нәубет сол кездегі коммунистік-сталиндік биліктің қылмыстық саясаттың нәтижесі. Ол дәлелдеуді талап етпейтін Ақиқат! Сол мемлекет, құдайға шүкір, жойылды, тек елесі қалды. Біз тәуелсіздік алдық.
Біз сол қырғында көз жұмған құрбандарымызды толық түгендеп алуымыз керек. Қалғаны – екінші мәселе. Мен үшін, бүгінгі күні кім кінәлі дегенді іздеуден гөрі, бар күш-жігерімізді қанша бауырларымыз қайтыс болды, олардың аты-жөндері кім екенін анықтап, сол бойынша тізім жасап, есімдерін анықтап, тасқа жазып, ескерткішін қойып, ұлт болып жоқтау.Маған ең бастысы осы маңызды. Біз олардың алдында мәңгі қарыздармыз»,-деді депутат.
Еске сала кетсек, осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ашаршылық тақырыбын саясиландырмайық деген ойын жазған едік.
Кейін Arasha.kz сайты Әшімбаевтың ойына қатысты сұқбат берген саясаттанушы Досым Сәтпаев ашаршылық туралы ашық айтылса, Кремльдің көңіліне кірбің түсетіні туралы айтқан пікірін ұсынды.
Ал Тарихшы Талас Омарбек ашаршылық биліктің 30 жыл бойы қашқан тақырыбы екенін айтты.
Қоғам қайраткері Смағұл Елубай Әшімбаевтың ашаршылық туралы Сенатта тыңдау өткізетінін хабарлады.