Кеше Алматыда бокс болды. Халықаралық жарыста қазақстандық бокшы қыз бен шетелдік бокшы Қазақ елінің аренасына шықты. Біздің қыз жеңіске жетті – бәрі мәз – халық та, жанкүйер қауым да, керек десеңіз, қаланың әкімі мен оның идеология жөніндегі орынбасары да мәз. Алайда, ескі астананың миллиондаған тұрғындары мен еліміздің 70 пайыздан асқан қазақтары іштен тынып, намыстан жарылуға шақ қалғанын теледидар көрсете алмаған сияқты.
Түсінемін, қазір біреулеріңіз «өзіңді ғана айтсайшы, басқа қазақта не шаруаң бар, біздер ешнәрсені сезбедік, бәрі орынды болды, жоқ жерден бар жасамайық та» деп қазақты құртатын «онда тұрған не барға» басатыны анық. Мен Сіздерге осы бокс дүрмегінен туындаған үш ойды, үш ыңғайсыздықты айтып берейін. Қолдайсыздар ма, әлде келіспейсіздер ме, ол – Сіздерге серт. Менің айтатыным – өз сөзім.
Біріншіден, егер кешегі жарыс халықаралық деңгейде өткізілген іс-шараға жататын болса, Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде жүргізілуі не сасқандары? Қазақ және ағылшын тілінде жүргізілуі тиіс емес пе?. Қытайдағы осындай дүрмекті шаралардың жапон тілінде немесе Австрияда (қаламыздың әкімінің оқып, өмірлік тәжірибе жинақтаған елі…) француз немесе мажар тілінде өтуі мүмкін бе еді? Қай ел, қай қала өзінің тойын басқа тілде өткізіп еді?
Екіншіден, ұйымдастырушылардың бокс мейрамын ашып беріп, раундтарды хабарлап, жеңістің кімге берілгенін жариялайтын отыз ауыз сөзді айтатын қазақ елінен бір адам шықпағандай Ресей елінің жүргізушісін шақырғандары қай сасқандары… Халықаралық кездесуді өткізуге қазақтың бір жүргізушісіне Баффетті қосып шақырса да жетіп жатыр еді. Айтпақшы, Желтоқсан көтерілісі де «Өзімізден адам жоқ па, қайдағы бір Ресейден адам шақырып!» деген сөзден басталған! Өзімізді қор, басқаларды зор көру – намыссыздықтың басы болып табылады.
Үшіншіден, ұмытпасам, Алматы қаласы мемлекеттік тілге Иманғалидың әкім болған заманында «көшкен». Қоғамның алдындағы осы ұстанымды жалғастыру, дамыту – келесі басшылардың басты міндеті. Бұл жерде мен қазақ тілінің – мемлекеттік тіл екендігін, оның республиканың барлық жерінде қолданылу міндеттілігі туралы аксиоманы қайталамай-ақ қояйын. Оны қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев менен де жақсы біледі. Орыс тілінің мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін өзі басқару органдарында ғана қазақ тілімен қатар (оның өзінде «ҚАТАР»!) қолданылатынын да бәріміз білеміз. Ринг – жергілікті өзін өзі басқару органы емес немесе Ресей мемлекетінің территориясы емес. «Мемлекеттік тілді дамыту – мемлекеттік қызметкерлердің бірінші міндеті» деген Президенттің сөзін де қайталаудан жалықпаймыз.
Құдайға шүкір, қала әкімі құттықтау сөзін қазақ тілінде айтты. Бірақ маған оның осы қадамы Мәскеудегі жарыста жеңіп шыққан қазақ азаматын сол елдің рингінде тұрып, қазақша құттықтап тұрғандай әсер қалдырды. Алматыдағы спорт мейрамын толық мемлекеттік тілде өткізу – Бауыржан мен Арманның қызметтік міндеті емес пе?. Әлде бір сағаттық спорт мерекесінде жалғыз өзінің қазақша сөйлегені «терең ойластырлған» саяси тәсіл ме екен?
Қазақтың бүгінгі намысы – іштен тынатын намыс.
Қазақтың намысы – бір жарылса, тоқтамайтын намыс.
Сол намысты оятушылар – өзінің шығарған заңын өзі ұстанбайтын елдегі иесіз қаланың басшылары…
Дос Көшім, қоғам қайраткері
abai.kz