Ұлттық экономика министрі аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Министрлік бюджеттік рәсімдерді жеңілдетуді, сондай-ақ, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дербестігін кеңейту мен жауапкершілігін күшейтуді көздейтін заңнамалық түзетулер ұсынылып отыр.
Бюджет кодексіне аудан мен ауылдық округ бюджеті арасындағы жалпы сипаттағы трансферт көлемін қаржылық жыл ішінде өзгертуге жол бермейтін нақтылау нормасы енгізіледі.
«Осылайша, ауылдық округ әкімдерінің аппараты ауылдық округтердің салық базасын субвенцияларды азайту немесе бюджеттік алуларды ұлғайту қаупінсіз көбейтуге мүдделі болады», – деді министр Әсет Ерғалиев.
Мәслихаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеу қажеттілігі жөніндегі норманы алып тастап, ауылдық бюджеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсынылады.
Сондай-ақ, әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібін анықтау ұсынылады. Заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде, ал ауылдар үш жыл ішінде жүзеге асырылады.
«Яғни, жергілікті атқарушы және өкілді органдар осы кезең ішінде елдімекендердің экономикалық дамуы үшін оның келешегін ескере отырып, шаралар қабылдауы тиіс», – деп түсіндірді ҰЭМ басшысы.
Түзетулердің жеке пакеті мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылады. Сонымен қатар, әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда мәслихаттардың тұрақты комиссиялары төрағаларының босатылған екі лауазымын енгізу ұсынылады.
«Министрлік аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу мәселелері бойынша заң жобаларын әзірледі. Тікелей сайлау жұмыс істеп тұрған әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жүзеге асырылады және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ағымдағы жылғы екінші жартыжылдықта тікелей сайлау 836 әкімге қатысты болады», – деді Ұлттық экономика министрі.