Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев туралы «Qazaq. History of the golden man» деректі фильмінде айтты.
Назарбаев америкалық режиссер Оливер Стоунға сұхбатында отбасы мүшелерінің бірі қылмыскер болып шыққанын мойындады.
«Бұл менің ең үлкен қателігім болды. Ол қаржы полициясының басында тұрды. Ол мұны пайдаланып, бизнесті қыспаққа алып, ұнағанын тартып алып, ақша бопсалаған. Бір уақытта мен оған «Тоқтат» деп айттым. Сенесіз бе, менің күйеу балам осындай әрекетке барып отыр. Артында үш кішкентай немерем бар. Қызым келді, жанында үш немерем мен күйеу балам бар. Мен оларға: «Енді мен не істей аламын? Ол – қылмыскер» деп айттым», – деді Назарбаев.
«Бұл сізге өте ауыр тиген шығар?” – деп сұрады Оливер Стоун.
«Расымен қиын болды. Басқа біреу болса бір жөн. Ал мұнда арқасүйеу болатын адамың осылай жасап тұр», – деді Назарбаев.
Бұған қоса, ол Дариғаның жағдайын түсінетінін жеткізді.
Айта кетсек, Рахат Әлиев Дариға Назарбаеваның күйеуі болған. 2008 жылы ол мемлекеттің билігін басып алуға талпынды және қылмыстық топ құрды деп айыпталып, сырттай кінәлі деп табылды. Десек те, Вена соты Әлиевті елге экстрадициялаудан бас тартты. 2015 жылы аустриялық БАҚ мәліметінше, Рахат Әлиев түрмеде асылып тұрған күйінде табылған.