Мемлекет басшысы реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысын өткізді. Алдағы төрт жыл ішінде экспорт көлемі 2 есеге артып, еңбек өнімділігін 45 пайызға ұлғаяды. Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыруға нақты жобалар жасалуда, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жиында 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.
Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 пайызға артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға дейін, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни, 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45 пайызға ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ.
Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жөніндегі шаралардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс.
Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі деңгейін, атап айтқанда, оқушылардың білім көрсеткіштері, цифрлық бәсекеге қабілеттілік, заң үстемдігі индекстері бойынша жақсарту жоспарлануда.
Аталған құжатқа қатысты пікір білдірген Президент Ұлттық жоспар бүгінгі жаһандық үрдістерді ескере отырып, ел дамуының негізгі бағдарлары мен цифрлық параметрлерін қалыптастыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің ортамерзімді перспективадағы дамуы аталған реформалардың сапалы іске асырылуына тікелей байланысты болмақ.
Стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы – Ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі. Соған сәйкес әрбір мемлекеттік органға және ірі квазимемлекеттік ұйымға белгіленген кезеңде қол жеткізуге тиіс нақты көрсеткіштердің тізбесі бекітіледі. Көрсеткіштердің нәтижесі ақиқаттан алыс болмауы керек. Дегенмен оңай қол жететін және ынталандырмайтын индикаторларды мақсат етуге болмайды.
«Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру және әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.