arasha.kz

Президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды

Әрбір кандидатты қолдауға 118 мың 273 сайлаушының қолы жиналуға тиіс.

Елімізде Президенттікке үміткерлерді ұсыну басталды. Кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 11 қазанда аяқталады.

Кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі.

Конституцияға сәйкес, үміткерлерге келесі талаптар қойылады: азаматтығы, соңғы 15 жылдан бері Қазақстан аумағында тұруы, жоғары білімінің болуы, 40 жасқа толуы, белсенді сайлау құқығының болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.

Бұдан бөлек кандидат ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінде (3 млн теңге) сайлау жарнасын енгізеді. Жалақының ең төмен мөлшері 60 мың теңгені құрайды.

Егер сайлау қорытындылары бойынша үміткер Мемлекет басшысы болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5%-ын алса, енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайларда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.

Қол қою парақтары үміткердің Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін 5 күн ішінде берілуге тиіс.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес сайлаушылар тізімінде 11 млн 827 мың 277 азамат бар.

Әрбір кандидатты қолдауға 118 мың 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы 2022 жылғы 21 қазан сағат 18:00-де басталып, 18 қарашаға дейін жалғасады. 19 қараша – үнсіздік күні. Орталық сайлау комиссиясы 21-22 қараша аралығында сайлаудың алдын ала қорытындысын шығарады. 21-27 қараша аралығында нәтижелерді анықтау мен сайланған президентті тіркеу жүргізіледі.

Exit mobile version