arasha.kz

Прокурор Данияр Әлімқұлдың үстінен Жамбыл облысы әкімдігі шағым түсіргенін хабарлады

Жамбыл өңірінде жеке аумақта үйілген снарядтар туралы материал түсірген тілшінің үстінен Бердібек Сапарбаев басқаратын әкімдіктен арыз түскені белгілі болды. 

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысты жариялаған журналистерден полицияда жауап алу басталды. Өңір тілшілері мән-жайды түсіндіруді сұрап, екі күннен бері облыс прокуратурасы ғимаратының маңын торуылдап жүр.

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров екі күннен кейін ғана полиция жауап алып жатқан Данияр Әлімқұлға қатысты оқиға барысын түсіндірді. Прокуратура өкілінің айтуынша, Данияр Әлімқұл оқиға бойынша куәгер, бірақ оның материалы сараптамаға жіберілген.

«Данияр Әлімқұл жариялымына қатысты полиция департаментімен тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеруге негіз – құзырлы органнан түскен хат болды. Ол куә ретінде шақырылды, оған ешқандай айып тағылған жоқ»,- дейді тілшілермен тілдесуге шыққан облыс прокурорының бірінші басқарма бастығы. 

«Хат қай органнан түсті?»,- деп БАҚ өкілдері сұрақты нақтылады.

«Жамбыл облысының әкімшілігі. Мониторинг жүргізу барысында шығарылған видео материал бойынша шешім қабылдау туралы хат түскен. Материал сараптамаға жіберіледі»,- деді прокурор. 

Естеріңізге салсақ, Жамбыл облыстық полиция департаменті Жетінші арнаның «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлдың жеке телефонын тәркілеген.

Өңірде үш апта бұрын Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам қаза болды. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.

Exit mobile version