Профессор Мәмбет Қойгелді қазақстандық саяси топтың қашаннан мансапшыл, билікқұмар болғанын жазды. Алаштанушы ашаршылық кезінде болған трагедияға басқарушы элитаның әсері көп болғанына өкініш білдірді.
«Голощекин(нің) жанында болған басқарушы қазақтың саяси тобы өте мансапшыл, билікқұмар болып шықты. Қазақтың ерекше қырылуына солардың да тікелей қатысы бар, оны мойындауымыз керек.
Біз жылап-еңіреп, барлық кінәні басқаға жапқанды жақсы көреміз. Мәскеуге, Сталиннің билігіне аударамыз.
Қазақ халқының жартысына жуығы қырылып қалды. Неге өзбек, қырғыз емес, қазақ осылай көп қырғынға ұшырады? Оларда да сондай саясат жүрді.
Негізінен, постсоветтік елдер ішінде Ресейдің, Украинаның, содан соң Қазақстанның халқы көп қырылды. Неге? Біздің ұлттық басқарушы элитаның кемшілігінен, әрине. Мәскеу тапсырма берсе, оны асыра орындауға тырысамыз. Осы – біздің халқымыздың үлкен трагедиясы.
Мысалы, Өзбекстанды алалық. Мәскеу тапсырма береді, өзбектер басында „иә, иә„ деп құп көрген ыңғай танытады да артын сұйылтып жібереді. Мейілінше, ұлтқа қарсы дүниеден айналып өтудің жолын қарастыратын еді. Ал бізде олай болмады»,- деп жазды профессор.