arasha.kz

Сирияға кеткендерден туыстары күдер үзген

Қырғызстанның Ош облысы Араван ауданының кей тұрғындары Сирияға бала-шағасымен кеткен туыстарынан күдер үзгендерін айтады. Олардың қараусыз қалған баспаналарын ағайын-туыстары бөлісіп алған. Жергілікті билік Сирияға кеткендер легі тоқтады деп қуанады.

2014 жылы Араван ауданында екі отбасы үйлерін тастап, Сирияға исламшылдар жағында соғысқа қатысу үшін кеткені жайлы хабар тараған болатын. Содан бері үш жыл өтті. Жанжал аймағына кеткендердің ешбірі әзірше елге қайтып оралған жоқ. Олардың тастап кеткен үйлеріне жақын туыстары көшіп кіріп алған.

Кей дерекке сәйкес, Арапбай Уахапов үш жыл бұрын Сирияға бүкіл отбасымен кеткен. Оның үйіне күйеуінен ажырасқаннан кейін қызы төрт баласымен көшіп алған. Ерімен ажырасуға әке-шешесінің Сирияға кетіп қалуы себеп болғанын айтқан қызы олар кері оралмаса екен деп тілейді.

– Әке-шешеммен сөйлеспегеніме төрт жылға жуықтады. Олармен сөйлесуге қорқамын. Солардың кесірінен үйге милиция келіп, күйеуімді тергеуге шақырды. Күйеуім сол үшін мені үйден қуып шықты. Сол кезден бері төрт баламмен әке-шешемнің үйінде тұрып жатырмын. Олардың елге оралғанын қаламаймын. Маған енді бәрібір. Екеуінің баласы болғаным үшін қаншама азап шектім! – дейді ол.

Сирияға келін-баласы мен екі немересін алып кеткен Дилярахмон Ахмедованың келіні де осындай пікірде. Азаттықпен ашық сөйлесуден бас тартқан келіншек тілшіге «олар келмесе екен» деп тілейтінін айтты.

63 жастағы Дилярахмон совет заманында коммунистік партия мүшесі болған, ауданда басшы қызметтер атқарған. Бірнеше жыл бұрын оның 94 жастағы кәрі қайыненесін, кенже ұлын тастап Сирияға кетіп қалғанын естігенде аудан тұрғындары қайран қалған.

Ашық сөйлеуден бас тартып, бірақ тілшімен микрофонсыз әңгімелескен көршілерінің айтуынша, кезінде ол үлкен үйін бұрын осында тұрған үш отбасына мұраға қалдырыпты. Бірақ қазір әлгі үйде кенже ұлы Дилярам отбасы және әжесімен тұрады екен.

Жергілікті биліктің дерегінше, Сирияға Араван ауданынан кеткен 28 адамның ішінде төрт отбасы бар. Олардың төртеуі соғыста қаза тапты деп хабарланған. Бірақ олардың ешқайсысын туған ауылдарында аза тұтқан жоқ.

Аудан әкімінің орынбасары Музафар Мамасаидовтың айтуынша, қазір аудан тұрғындарының Сирияға кетуі тоқтаған.

– Жұрт Сирияда не болып жатқанын түсінді. 2015-2016 жылдары Сирияға кетіп жатқандар жайлы қауесет көп тараған. Діни қайраткерлер, жергілікті билік, мұғалімдер мен ақсақалдар комитеті көп жұмыс атқарды. Бұл сол жұмыстың нәтижесі сияқты. Биыл Араваннан Сирияға бір де адам кеткен жоқ. Меніңше, адамдар түсінген тәрізді, – дейді ол.

Ресей арнайы қызметінің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» террорлық тобы қатарында Орталық Азиядан барған жүздеген адам соғысып жүр.

Ресми дерекке сәйкес, Сирияға 200-ге жуық қырғызстандық кеткен, бірақ бейресми дереккөздер ол жаққа 500 қырғызстандықтар кеткен дейді.

Жуырда Қырғызстан премьер-министрінің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Темир Жұмакадыров егер Қырғызстан азаматы Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдар қатарында соғысқаны дәлелденсе, оны азаматтықтан айырамыз деп мәлімдеген болатын.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Ыдырыс Исаковтың мақаласы орысшадан аударылды.)

дереккөз: azattyq.org

Exit mobile version