16-09-21 |
1790 рет қаралған
Байзақтағы жарылыс: Жамбылда пиар, сенсация жасауға Сапарбаев қана құқылы ма?.
Байзақтағы жарылыс: Жамбылда пиар, сенсация жасауға  Сапарбаев қана құқылы ма?

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысты жариялаған ақпарат құралдарының өкілдерінен полицияда жауап алып жатыр. Облыстық полиция департаменті Жетінші арнаның «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлдың жеке телефонын да тәркілеген. Бұл туралы журналист Жасұлан Әбдіхалық Facobook парақшасында жазды.

Жазба иесі бір топ тілшінің облыстық ПД мен прокуратура жағалағанын жазған. Айтуынша, Байзақтағы жантүршігерлік жарылыстан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде, «БАҚ пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырған жалған ақпаратты тарату» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

«Екі журналисті облыстық полиция департаментіне шақырып, біреуінің ұялы телефонын тәркілеп алыпты. 4 сағаттан астам ұстаған. Соткасы тәркіленген 7 ші арнаның «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі – Данияр Әлімқұл.
Даняр Әлімқұлды куәгер әлде күдікті ретінде шақырғаны түсініксіз! Бәленің бәрі Байзақтағы бір депутаттың үйінде үйіліп жатқан снарядтардан басталса керек. Сол снарядтарды тапқан және алғаш эфирге таратқан «Айбат» жаңалықтар қызметі. Бұдан бөлек те жарылыс туралы жан-жақты ақпарат таратты. Ал енді біреудің қорасында айнала бала-шағаға қауіп төндіріп жатқан пәленбай тонна металломды эфирге шығардың, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып жалған ақпарат тараттың, жұртты дүрліктірдің деп айыптаса, қолындағы соткасын тәркілеп алса біздің құзырлы органдар біткен екен. Шырақтарым ау, қайта дер кезінде дабыл қағып елді сақтандырып, құзырлы органдарды құлақтандырып ақпарат таратқаны үшін сотка сыйлайтын жөндерің ғой. Ақпарат таратушылармен алысқанша алапат апаттың себебін анықтап, кінәлілерді жазалайтын уақыттарың болды емес пе?»,- деп жазды ол.

Желідегі жазбада жауапқа ақпарат таратқан  республикалық каналды емес, тілшінің  шақырылу себебі сұралған. Сонымен қатар, аймақ туралы жағымсыз пікір білдіретін тілшілердің қысымға алу жиілеген.

«Қазір Жамбылда пиар жасауға, сенсация жасауға Сапарбаев пен Жылқыбаев қана құқылы. Оның өзінде тек жақсы жағын жазуың керек. Облыстың олқылығын айтып, сын жазсаң жаусың, іріткі салушысың, көзге шыққан сүйелсің! Осылай көзқарас қалыптасқан, қалыптастырған»,- деп жазды журналист. 

Естеріңізге сала кетейік, үш апта бұрын Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам қаза болды. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.