arasha.kz

«Жағдай тұрақсыз»: Елорда әлі де «қызыл» аймақта

Елордадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Инфекциялық стационарларда ем алушылар саны 480-ге жетті.

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов әкімдікте брифинг өткізді.

«Бүгінде қаламызда коронавирус инфекциясына байланысты жағдай тұрақсыз. Індеттің өршуі бойынша елорда әлі де «қызыл» аймақта. 14 наурыздан бастап инфекция жұқтыру 24 пайызға өсті. Егер ақпан айында тәулік ішінде орта есеппен 100 жағдай тіркелсе, 25 наурызға сәйкес бұл көрсеткіш 230-ға дейін жетіп отыр. Пандемияның өршуіндегі аурумен салыстырғанда, қазіргі жағдай былтырғы жаздағы  кезеңге ұқсас екенін көріп отырмыз», – деді Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, елордалық дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері тартылған, сондай-ақ қажет болған жағдайда жұмысқа тартылатын кадрлық резерв бар.

«Коронавируспен күресу үшін 11 стационар, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік стационар «Рамада Плаза» қонақ үйі базасында орналастырылды. Алдағы уақытта үш ұйымның базасында қосымша 300 инфекциялық төсек орнын ашамыз.
Аталған стационарлар басқа аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін де қолданылады», – деді елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Exit mobile version