26-11-18 |
4110 рет қаралған
28-панфиловшы саябағының аты өзгере ме?.
28-панфиловшы саябағының аты өзгере ме?

Қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан бес жыл бұрынғы Алматыдағы 28-панфиловшылар саябағының атын «Отан қорғаушылар саябағы» деп өзгерту бастамасын қайта көтерді. 28-панфиловшылар туралы аңыз ойдан шығарылғаны туралы баспасөзде көп жазылған. Оның жалғаны екені 1948 жылы СССР әскери прокуратурасы дәлелдегені де белгілі. Мұхтар Тайжан осындай дәйектерді алға тарта отырып саябақ атын ауыстыруды бес жыл бұрын айтқанын, ал әлгі аңыз туралы ақпарат қайта бас көтере бастаған соң өз бастамасын да қайтара көтеріп отырғанын жазады.

Саябақ атын өзгерту туралы бастамаға саясаттанушы Расул Жұмалы да қосылып, қолдайтынын жазды.

«28 панфиловшылар атындағы Алматы орталық саябағының атын баяғыда өзгерту керек еді. Кеш те болса рухани бауырларым көтерген бастаманы жан-тәніммен қолдаймын. Өйткені 28 панфиловшы жайлы аңыз қиялдан шығарылған және онысы дәлелденген фейк. Қазақ баласы осы өтірікке неге нанып бас иуі керек? Екіншіден, «Ресей ұлан-байтақ, бірақ шегініске жер жоқ, артымызда Мәскеу» деген қайта ойдан шығарылған ұранды көрген Азат Қазақ баласы нені ұлықтау керек, құлдық кешегісін бе? Үшіншіден, өз елін қорғаған батыр Қазақта жетеді. 1920-жылдардағы Тәуелсіздігі үшін күрескен еліміздің осындай саңлақтарын «басмашы» деп қырған Панфиловтың «ерліктері» жайлы архивтер ашылу керек. Төртіншіден, Алматы ғана емес, Қазақтың бар шахарында көше, алаң, саябақтар бөтен елдің иә отаршының емес, Отанымыздың нағыз мақтаныштары атында болғаны дұрыс. Онсыз қалайша Рухани жаңғырмақпыз?» деп жазады Расул Жұмалы.

28-панфиловшылар аңызының жалған екенін бірнеше жыл бұрын сол кездегі Ресей мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненко дүниежүзілік орыс баспасөзі конгресінде айтқан еді. Одан бұрынырақ Қазақстанда Алматыдағы саябақ атын өзгерту туралы бастамалар көтерілген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.