arasha.kz

Huawei компаниясына жаңа айып тағылды

фото - alphr.com

фото - alphr.com

АҚШ әділет министрлігі Қытайдың Huawei телекоммуникациялық корпорациясының қаржы жөніндегі директоры Мэн Ваньчжоуға тағы бірнеше айып тақты. Сонымен қатар корпорацияның өзіне де айып тағылды.

Қытай азаматы әрі Huawei корпорациясының негізін қалаушының қызы Мэн Ванчжоуды Канада билігі АҚШ-тың сұрауы бойынша Ванкувер әуежайында желтоқсанның 1-і күні ұстаған. Қазір сот оны экстрадициялау жайын қарап жатыр. АҚШ билігі Мэн Ванчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген 13 айып тағылған. 

Ал Huawei корпорациясының өзіне T-Mobile компаниясынан ақпарат пен технология ұрлады деген айып тағылды. Тергеушілер Қытай корпорациясы тіпті қызметкерлеріне шетелдік компаниялардан заңсыз жолмен ақпарат жинағаны үшін бонус ұсынған деп күдіктенеді. 

Huawei басшысының ұсталуы АҚШ пен Канаданың қарым-қатынасын күрт нашарлатып жіберді. Тұтқындау АҚШ пен Қытай арасында онсыз да ширығып тұрған сауда-саттық дауын да одан ары күшейте түсті. Қытай билігі желтоқсанда Канаданың екі азаматын тұтқындап, тағы бір азаматына кесілген 15 жылдық түрме жазасын өлім жазасымен алмастырған.

Huawei корпорациясы АҚШ таққан жаңа айыптарды терістеді. Қытай билігі айыпты «әділетсіз және адамгершілікке жат» деп атады.

Azattyq.org

Exit mobile version