arasha.kz

АҚШ: Ресейдің жеті агенті кибершабуыл жасады

АҚШ Ресей әскери барлау қызметінің жеті өкілі бірнеше мемлекетке кибершабуыл жасады деп мәлімдеді. АҚШ Әділет министрлігі айыпталып отырған жеті ресейліктің аты-жөнін жариялады. Олардың бәрі Ресейдің Бас барлау басқармасының (ГРУ) қызметкерлері делінген. Олар – Алексей Моренец, Евгений Серебряков, Иван Ермаков, Артем Малышев, Дмитрий Бадин, Олег Сотников және Алексей Минин.

Аты-жөні аталғандардың төртеуі – Моренец, Серебряков, Минин және Сотников биыл сәуір айында Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның Нидерландтағы штаб-пәтеріне кибер шабуыл жасамақ болған кезде анықталып, елден шығарылған.

Ал Ермаков, Малышев пен Бадин АҚШ-тағы президент сайлауына араласпақ болды деген іске байланысты айыпталған.

Мәлімдемеде ресейліктер Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік базасына, Пенсильваниядағы атом электр станциясына да шабуыл жасамақ болды делінген.

Қазанның 4-і күні Ұлыбритания, Нидерланд, Канада да Ресейдің барлау қызметін айыптаған. Нидерланд және Ұлыбритания премьер-министрлері Марк Рютте мен Тереза Мэй ресейлік әскери барлау қызметі ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін келісімді сыйламай отыр деп мәлімдеген.

Azattyq.org

Exit mobile version