Баспасөз қызметінің өкілі Роберт Палладино санкция нақты қашан жарияланатынын сұраған журналистер сауалына жауап берместен: «Бұл – ұзақ процесс, алдымен санкциялар ұлттық қауіпсіздігімізге қалай әсер етерін анықтап алуымыз керек» деді.
Оның сөзінше, санкциялар Ресейге (химиялық қаруды бақылау туралы) «заң аясында қойылады».
Биыл тамызда АҚШ мемлекеттік департаменті «Ресей 90 күн ішінде келешекте химиялық қару қолданбаймын деп кепілдік бермесе, Кремльге аса қатаң санкция салынады» деген. Мұндай тәртіп 1991 жылы АҚШ қабылдаған химиялық және биологиялық қаруды бақылау мен оны әскери мақсатта қолдануға тыйым салу туралы заңда жазылған.
Қарай отырыңыз: Путин удан аман қалған Скрипаль жайлы не деді?
Химиялық қаруға қатысты Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дау Ұлыбританияда ГРУ-дың бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улануынан кейін туған. Британ полициясы «Скрипальді жүйке жүйесін зақымдайтын «Новичок» уымен өлтірмек болды» деген қорытындығы келген. Бұл у совет кезінде жасалған, кейбір деректер бойынша, Ресей арнайы қызметінің қолында әлі бар.