13-11-18 |
2270 рет қаралған
АҚШ сарапшылары: Солтүстік Корея зымыран базаларын жасырып отыр.
Америкалық сарапшылар Солтүстік Кореяда 20 шақты зымыран базасы барын, Пхеньянның оларды жасырып отырғанын мәлімдеді. Сарапшылар ол базалардың 13-інің орналасқан жерін анықтаған. Бұл туралы Reuters агенттігі Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығына сілтеме жасап хабарлады.

Мамандар Пхеньян бұл базаларды халықаралық бақылаушылардан жасырмақ болған деп санайды. Бақылаушылар биыл маусымда АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының саммитінде жасалған Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламадан бас тарту келісімінің орындалуын қадағалауы тиіс болған.

Сарапшылардың мәліметі бойынша, төтенше жағдайлар бола қалған кезде бұл базалардан зымыран атылуы мүмкін. Зерттеушілер зымырандар ядролық оқ тұмсықпен жарақталмағанның өзінде айтарлықтай қауіп төндіре алады деп санайды.

Сарапшы Джозеф Бермудестің пікірінше, Пхеньян бұған дейін «Сохэ» зымыран полигонын басқа зымыран базаларын жасырып қалу үшін көпшілікке жария қылып бұзған.

Солтүстік Корея «Сохэ» полигонынан өзге биыл мамырда «Пунгери» полигонын» бұзған. Нысанды қиратуға шетелдік мамандар қатыстырылған жоқ.

Бұған дейін америкалық барлау АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын арасында уағдаластық болғанына қарамастан Пхеньян ядролық бағдарламадан бас тартудың нақты қадамдарын жасамай отырғанын бірнеше рет мәлімдеген. Ал Солтүстік Корея БАҚ-ы АҚШ пен Оңтүстік Кореяны Корей түбегіндегі шиеленісті бәсеңсітетін келісімді бұзып, қайтадан әскери жаттығу өткізіп жатыр деп айыптаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.