arasha.kz

АҚШ Сенаты Каваноны Жоғарғы Сот судьясы етіп бекітті

Сенбі күні АҚШ Сенаты президент Дональд Трамп Жоғарғы сот судьясы қызметіне ұсынған, бұған дейін бірнеше әйел «жыныстық бопса жасады» деп айыптаған Бретт Каваноның кандидатурасын мақұлдады.

Республикалық партия бақылауындағы Сенаттың 50 мүшесі Каваноның кандидатурасын қолдап, 48-і қарсы дауыс берген. Дауыс беру өтіп жатқан кезде Вашингтон көшесіне Каваноның Жоғарғы соттың мүшесі болуына қарсы жүздеген адам шыққан.

Жоғарғы сот судьясын небары екі дауыс басымдықпен бекіту – соңғы жүз жылда АҚШ Жоғарғы соты тарихындағы ең шиеленісті оқиғалардың біріне айналды. Ақ үй Кавано мейлінше жақын уақытта ант қабылдап, қызметіне кірісетін болады деп хабарлады.

АҚШ Жоғарғы сотының құрамында 9 судья бар. Олардың бесеуін республикалық партиядан сайланған президент, төртеуін – демократ-президент тағайындаған. Дональд Трамп биыл отставкаға кететін Жоғарғы сот судьясы Энтони Кеннедидің орнына Каваноның кандидатурасын ұсынған. Энтони Кеннедиді 1988 жылы республикалық партиядан сайланған президент Рональд Рейганның ұсынысымен Жоғарғы сот мүшелігіне бекіткен. Кеннеди республикалық партия мүшесі болғанына қарамастан даулы мәселелер бойынша дауыс бергенде либералдық ұстанымдағы судьяларды жақтап шығатын. Мысалы, 2015 жылы АҚШ территориясында біржыныстылар некесіне рұқсат беретін шешім қабылданғанда оның дауысы шешуші роль атқарған. Либералдар Кеннедиді консерватор Каваноға алмастыру Жоғарғы соттағы тепе-теңдікті бұзуы мүмкін деп қауіптенеді.

Бретт Кавано 1965 жылы Вашингтонда дүниеге келген. Ол Йель университетінде білім алған, екі консерватор судьяның көмекшісі болған, АҚШ президенті Билл Клинтонның Ақ үйдің қызметкерлері Моника Левинскимен жыныстық байланысына қатысты тергеуге қатысқан. 2006 жылдан бастап Кавано Колумбия округі апелляциялық сотының судьясы болып қызмет атқарған. Бұл қызметке оны АҚШ-тың 43-президенті кіші Джордж Буш тағайындаған.

Бретт Каваноны Жоғарғы сот судьясы етіп бекіту президент Трампқа елдің ең жоғарғы сот инстанциясындағы консервативтік ықпалын түбегейлі нығайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін 2016 жылы демократтар Жоғарғы сотқа либералды судьяны өткізе алмаған болатын.

2017 жылы Трамп Жоғарғы сот мүшелігіне консервативтік көзқарастағы тағы бір судья Нил Горсачты ұсынған еді.

Azattyq.org

Exit mobile version