АҚШ шетелдік үгіт-насихатқа қарсы 40 миллион доллар бөлді. Бұл жөнінде АҚШ Мемлекеттік департаменті баспасөз қызметінің өкілі Роберт Палладино хабарлады.
Қаржы Ғаламдық өзара іс-қимыл орталығына берілген. Мекеме Ресей, Иран және Қытай сияқты елдердің АҚШ-қа қарсы «ақпараттық соғысына» қарсы тұрады.
Қаржы дезинформацияны ерте анықтау технологиясын жетілдіру, шетелдік аудиторияға талдау жасау, жалған ақпаратты әшкерелеу үшін жергілікті БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен байланыс орнатуға жұмсалады.
Ғаламдық өзара іс-қимыл орталығы бұрынғы президент Барак Обама тұсында ашылған. Орталық АҚШ Мемлекеттік департаментінің құрылымына қарайды. Бастапқыда орталық «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының насихатына қарсы іс-қимылдар жасаған. 2017 жылы Ресейдің АҚШ-қа қарсы саяси насихатына қарсы жұмыс істей бастады.