arasha.kz

АҚШ-та ең бір тартысты аралық сайлау өтіп жатыр

Конгресте саяси көпшілікке айналу үшін партиялар қызу тартысқа түскен сәтте 6 қараша күні америкалықтар ел тарихындағы ең бір тартысты аралық сайлауда дауыс беріп жатыр. 

Бұл сайлаудың қорытындысы президент Дональд Трамптың екі жылы қалған төрт жылдық президент мерзіміне қатты әсер етуі мүмкін. 

Конгресс Өкілдер палатасының барлық 435 орны, Сенаттағы 100 орынның 35-і жаңарады.

Дәл қазір Республикалық партия Өкілдер палатасында 23 мандат артық иеленіп отыр, ал Сенаттың 100 орынның 51-ін иеленген. Бірқатар алдын-ала сауалнама нәтижесіне сәйкес жаңа сайлаудан соң демократтардың тым болмағанда Өкілдер палатасында басым саяси күшке айналуы мүмкін.

4 қараша күні The Washington Post газеті мен ABC News телеарнасы жариялаған ұлттық сауалнама бойынша сайлаушылардың 50 пайызы Өкілдер палатасына демократтардың басым болуын, 43 пайызы республикашылардың үстем түсуін қалайды. Қызу сайлауалды үгіт кампанияларынан кейін көптеген бәсекелес кандидат итжығыс жағдайда тұр.

Бұрындары АҚШ-тағы аралық сайлау кезінде дауыс берушілер сайлау учаскелеріне ағыла қоймайтын. Бірақ бұл жолы көптеген штатта сайлаушылар таң атпай кезекке тұрып, рекорд көрсеткіштер тіркелді. Трамп президент болған тұста саяси тартыс күшейе түсті. 

Көре отырыңыз: АҚШ-тағы аралық сайлаудың мәні мен мазмұны

Флорида университетінің профессоры Майкл Макдональд келтірген мәлімет бойынша аралық сайлауда 6 қарашаны күтпей 2 қарашаға дейін ерте дауыс беріп үлгендерідң саны 28 миллионнан асқан.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат кампаниясы кезінде жетекші екі партия шартпа-шұрт бәсекеге бейім болды. Бір жағынан АҚШ экономикасы күшейіп, жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға дейін төмендеп тұр. Республикашылар басқаратын Конгресс салықты азайту туралы заңды мақұлдаған соң экономика жылына 3,5 пайызға өскен.

Бірақ Трамптың даулы саяси шешімдері мен әлеуметтік мәселелерге деген көзқарасы республикашылардың экономика өсімін тек өз жетістіктері сияқты көрсетуге кедергі болып келеді. 

Саяси сарапшылардың болжауынша, бұл жолы демократтар Өкілдер палатасында басым көпшілікке айналса, Конгресс Трамп президент болып сайланған 2016 жылғы сайлауға Ресейдің араласуына қатысты жаңа тексеру бастамақ. 

Егер республикашылар Өкілдер палатасында үстем болып қала берсе, Трамп салықты азайта түсу, федералдық үкімет құрамын кішірейту, үйлестіруші нормалардан бас тарту сияқты саясатын жүзеге асырып бақпақшы. 

Аралық сайлау кезінде америкалық дауыс берушілер Конгрестен бөлек 36 штаттың, үш территорияның және ел астанасы Вашингтонның (Колумбия ауданы) губернаторларын да сайлап жатыр. 50 штаттағы заң шығарушы органдардың да өкілдері жаңарды.

Azattyq.org

Exit mobile version