arasha.kz

Ақтөбеде балабақшаларды кәсіпкерлер басқаруына беруге қарсылық танытты

Қазанның 24-і күні Ақтөбедегі №25 балабақшаның наразы ата-аналары облыстық әкімдікке барды. Олар мемлекет меншігіндегі «Ерке» балабақшасын сенімгерлікпен басқару үшін жекенің қолына беруге түбегейлі қарсы.

– Балабақша жекенің қолына өтер болса, мемлекеттік органдар тарапынан бақылау азаяды. Кәсіпкер білікті мамандарды қысқартып, балалардың азық-түлігі мен керек-жарағынан қаржы үнемдей бастайды. Пайда көру үшін бала санын да көбейтуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, балаларымыздың күйі қашады. Ақтөбеде жеке балабақшалар аз емес. Менің балаларымды жеке бақшаға беретіндей мүмкіндігім бар. Бірақ, мен жеке бақшаларға сене алмаймын! Сондықтан да екі балам тәрбиеленіп жатқан №25 балабақшаның жекеге берілуіне қарсымын! – дейді Айнагүл Мазенова.

Ақтөбеде балабақшаларды кәсіпкерлер басқаруына беруге қарсылық осы аптада өрши түсті. Тап осындай наразылық жиындары дүйсенбіден бері Ақтөбе қалалық білім бөлімі мен өзге де балабақшаларда өткен.

Ақтөбе қаласында мемлекет меншігіндегі 46 балабақша бар. Соның тоғызы биыл сенімгерлікпен басқару үшін кәсіпкерлерге берілген. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, балабақша ғимаратын сатып алу құқынсыз бес жылға сенімгерлікпен басқаруға беру – бюджетке түсетін жүктемені азайтады. «Кәсіпкерлер қарауына өткен балабақшалар жіті бақылауда, олардағы төлем құны қымбаттамайды» деп хабарлайды қалалық әкімдік. Бұл жүйе бойынша, мемлекеттің мүлкі кәсіпкердің қолына өтеді. Яғни, алғашқы 5 жылда кәсіпкер балабақша ғимаратын меншігіне айналдыра алмайды. Тек ұжымды басқарып, табыс табады, салық төлейді.

Алайда, ата-аналар әкімдік уәдесіне күмәнмен қарап отыр. Олар сондықтан наразылықтарын хатқа түсіріп, тиісті орындарға жолдамақ. Сонымен қатар, әкімдікке келіп, арыздарын ауызша жеткізуді де жөн көрген.

Azattyq.org

Exit mobile version