arasha.kz

Ақтөбеде жолақы қымбаттады

Ақтөбеде 26 қазаннан бастап жолақысы қымбаттап, 80 теңге болды. Бұрын қала ішінде қатынайтын автобустарда жолақысы 55 теңге болатын. 

Бүгіннен бастап Ақтөбеде жолақы балаларға 40 теңге, зейнеткерлерге, екінші және үшінші топ мүгедектеріне және Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқандарға 60 теңге болды. Ал тыл ардагерлері мен бірінші топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейінгі мүгедектер, 1-2 топтағы зағип азаматтар мен жасы 7-ге толмаған балалар тегін жүрмек.

Бұған дейін қаладағы жолаушылар тасымалы қызметінің 80 пайызын атқаратын «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолақыны 200 теңгеге дейін қымбаттатуды бірнеше рет ұсынған еді.

Автопарктің мәліметінше, 26 қазанға дейін Ақтөбе Қазақстандағы жолақысы арзан қала болды. 

Ақтөбеде қала ішіндегі жолаушылар тасымалы қызметін екі мекеме – «Автопарк» пен «ПАТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады. Қала аумағындағы 52 маршруттың 18-і «ПАТП» серіктестігінің иелігінде, қалғаны «Автопаркке» тиесілі.

Azattyq.org

Exit mobile version