04-10-18 |
3100 рет қаралған
Ақтауда ауруханаға түскен сарбаз комада жатыр.
Маңғыстау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне түскен №6656 әскери бөлімінің 13 сарбазының бірі комада жатыр. Облыстық денсаулық сақтау департаменті бұған дейін тараған «сарбаздар менингит ауруына шалдыққан» деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Ақтау қаласындағы №6656 әскери бөлімінің сарбазы Бауыржан Есқожиев 30 қыркүйекте дене қызуы жоғарылап, Маңғыстау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне аса ауыр халде түскен. Оған алдын ала менингит диагнозы қойылған. Кейін қазанның 3-і күні тағы 12 сарбаз осыған ұқсас белгілермен ауруханаға жеткізілген.

Брифингте сөйлеген дәрігерлердің айтуынша, Бауыржан Есқожиевтің жағдайы өте ауыр. Ол бес күннен бері комада жатыр.

– Оған аса ауыр іріңді менингоэнцефалит диагнозы қойылып отыр. Ол ауыр халде ми комасында жатыр, – деді Маңғыстау облысының бас штаттан тыс инфекционисі Гүлбану Нұржанова.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау департаментнің қызметкері Бекмұрат Өтесінов бұл аурудың менингит еместігін, сондықтан ешкімге жұқпайтынын ескертті.

№6656 әскери бөлімінің эпидемиологы Қуаныш Нұрмаханбетовтің сөзінше, комада жатқан сарбаз 25 қыркүйектен бері өзін нашар сезінген.

– Жұқпалы тұмау ауруы мен іріңді менинго-энцефалит ауруының белгілері ұқсас. Денесі бөртіп тұрды. Біз оны аллергиялық препараттамен емдедік, бірақ кейін оның жағдайы нашарлап кетті, – деді ол.

22 жастағы Бауыржан Есқожиев Ақтөбе қаласының тумасы. Ол былтырғы қаңтардан бері Ақтаудағы №6656 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатыр. Ауруханаға түсердің алдында әскери бөлім сарбазы арасында кезекті оқу-жаттығулары өткен.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.