Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев бүгін қазақстандықтарға жаңа сөздікті таныстырды. Айтуынша, «Сөзтүзер» – қате қолданыстағы мәтіндерді түзеуге арналған.
Абаев жаңа сөздікті «БАҚ-та мемлекеттік тілді нығайту және дамытуға жаңа бастама» деп таныстырды.
«Бұл БАҚ –тағы мемлекеттік тілдің қолданысын реттеуге және ана тілдің тазалығын сақтауға арналған жоба. Соңғы кезде қазақша баспасөз бен телерадио арналарда әртүрлі қателердің белең алғаны жиі айтылып жүр. Уақыт өткен сайын мұндай қателер күнделікті қолданысқа еніп кету мүмкін. Одан ана тіліміздің табиғаты бұзылып, сауаттылық деңгейі төмендеуі ықтимал. Сондықтан біз осы мәселені шешу үшін беделді ғалымдар мен тіл мамандарын жинап, осы сөздікті жасап шығардық»,- дейді ол.
Сөздікте 2000-нан аса қолданыстағы қате сөз жинақталған және олардың дұрыс нұсқасы көрсетілген.
Абаев Facebook парақшасына жүктеген үндеуде тіл мәселесін шешуде жаңа сөздіктің қазақ тіліне қажетті тың дүние болатынын айтқан.
Сөздік БАҚ, университеттерге, мемлекеттік органдарға таратылады. Сонымен қатар, сөздікдің электрондық нұсқасын сайтқа салу да көзделген. Абаев тіл тағдырына қатысты тағы бірнеше жоба бар екеніне сендіреді.
«Ағайын, қазақ тлінің мәселесі әрдайым назарымызда. Оның өркендеуіне бәріміз мүдделіміз. Бірақ тілімізді дамытуға бос сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу керек. Бұл әлеуметтік желіде эмоциямен «пост» жазу емес. Тұрақты әрі тынымсыз еңбекті талап ететін бағыт. Нәтижелі әрі бірден бір дұрыс жолы осы»,- деді ол.
Сонымен қатар, Абаев президент жолдауында айтылған болашақта отанымызда тұрғысы келетін әр азамат қазақ тілін білуге ден қоюға тиіс дегенді де еске салды.