arasha.kz

АЭС референдумы: Медакадемия студенттерін міндетті түрде қатыстыру қаншалықты орынды?

2024 жылдың қазан айында Қазақстанда АЭС салу туралы маңызды референдум өткізіліп жатыр. Бұл референдумда ел тұрғындары атом электр станциясын қолдау немесе қарсы болу туралы өз дауыстарын беруде. Алайда, соңғы ақпараттарға қарағанда, бұл науқан тек азаматтық жауапкершілік қана емес, кейбір топтар үшін мәжбүрлі шараға айналғандай.

Астанадағы Республикалық медициналық академия (РМА) студенттері бұл референдумға қатысуға міндеттелгені туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желілерде пайда болған скриншоттарда, академия басшылығы студенттерге референдумға қатысып, фотоотчет өткізу керектігін қатаң талап еткені анық байқалады. Сонымен қатар, егер қатысудан бас тартса, тәртіптік жауапкершілікке тартылатындары туралы ескертілген.

Бұл жағдай қоғамда үлкен сұрақтар тудырады. Біріншіден, студенттер оқу орнындағы білім алу процесінен тыс, саяси науқанға қалай араласуға мәжбүр болуы мүмкін? Қазіргі таңда АЭС құрылысы туралы пікірталастар қызу жүріп жатқаны рас, бірақ мұндай шешімдерді қабылдау азаматтардың өз еркімен болуы тиіс. Мұндай мәжбүрлілік демократиялық принциптерге қаншалықты сәйкес келеді?

Қатысушылардың санына байланысты бұл референдумның нәтижесі анықталады. Егер қатысушылар саны 6 миллионнан асса, онда референдум өтеді деп есептеледі. Студенттер мен басқа да ұйымдарды міндеттеп қатыстыру осы санға жетудің бір амалы ма деген ойлар туындап отыр.

АЭС мәселесі Қазақстан үшін маңызды стратегиялық шешім екені анық. Дегенмен, мұндай мәселелерді мәжбүрлеп шешу елдің болашағы үшін қауіп тудыруы мүмкін. Студенттер мен басқа азаматтарды мәжбүрлі түрде қатыстыру демократиялық құқықтардың бұзылуына жол ашуы ықтимал.

Сурет: Buzyq телеграм каналынан скрин

Exit mobile version