Алматыда «Almaty film» халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Алғаш рет өтіп отырған фестивальдің шымылдығын қазақ әртісі Самал Есләмоваға Канн кинофестивалінің «үздік әйел ролі» жүлдесін алып берген «Айка» фильмі ашты. Фильмнің режиссері Сергей Дворцевойдың айтуынша, «Айка» толықтай біткен, дайын күйінде көрерменге алғаш ұсынылып отыр. Канн фестивалі өтіп жатқан кезде бұл киноның монтаж жұмыстары әлі бітпегенін режиссер айтқан болатын.
«Иә, фильм «Канн» фестивалінде көрсетілді. Самал жүлде алды. Бірақ бүгін ерекше көрсетілім. Себебі «Каннда» біз фильмнің әлі бітпеген нұсқасын көрсеткен болатынбыз,» – деді С. Дворцевой фестивальдің ашылу салтанатында.
Сондай-ақ, фильм туралы режиссер: «Бұл картина сіздердің көңілдеріңізді көтереді деп айта алмаймын. Өйткені бұл – драма. Мен бұл картина сіздердің жүректеріңізді қозғаса екен деп қана тілеймін», – деді.
«Айка» фильмі Мәскеуде күнін көріп жүрген қырғыз әйелінің бес күндік өмірі туралы. Осы бес күннің ішінде Қырғызстаннан келген заңсыз мигрант Айка басынан небір тауқіметті өткізеді. Айка үнемі асығып жүреді. Себебі оған күн көріп, жұмыс табу керек, қарыздарын қайтару қажет, армандарына қол жеткізсем дейді. Өзге елде, үлкен қалада тіршілік үшін күрескен кішкентай ғана әйелдің тағдырына осы бес күн қатты әсер етеді. Режиссер бұл бес күнді баяндайтын фильмге өмір бойына татитын мән берген. Себебі осы уақыт ішінде фильмде дүниеге сәби келеді, ол сәби бес күннен кейін анасымен қауышады.
Неге бес күн? Фильм режиссері Сергей Дворцевой қазіргі таңда ресейлік болғанымен, бұырнғы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болғандықтан, жанына қазақылық пен қазақы таным-түсінік жақын болуы керек. Себебі, режиссердің «Айкаға» дейінгі түсірген екі картинасы да («Счастье» және «Тюльпан») қазақ халқының қарапайым тұрмыс-тіршілігі мен психологиясын мұқият сипаттайды. Сондықтан Дворцевой мырза «бес күндік жалған» ұғымына сүйенуі мүмкін.
Фильмдегі Айканың бес күндік тағдыры былай өрбиді: Айканың соңына қарыз берген адамдар түсіп алған. Қарызын қайтармаса өлтіреміз деп отыр. Айка ол қарызды тігін цехін ашу үшін алған еді. Алайда тігін цехі басқа біреулердің қолында. Ол өзінің тігін машиналарын даулап тігін цехына барған, бірақ оны соққының астына алады.
Ал Айканың уақытша жұмыс орнындағы ветеринардың иттер мен жұмысшыларға қарым қатынасын салыстырып, кейбіреулерге адамдардан көрі жануарлар құндырақ болып кеткен бе деген ой санамызға оралады.
Айкаға қатігездік танытқан адамдар да, мейіріммен қарағандар да табылады. Қарға малшынған Мәскеу көшелерін кезіп, малмандай су болған Айкаға ыстық шай ұсынып, уақытша болса да жұмыс тауып берген бейтаныс әйел, «Солнечный» деп аталатын ешқашан жөндеу көрмеген лашыққа ұқсайтын хостелдегі Айканың терезесінің алдына ылғи жауқазын гүлін қойып кететін романтик жігіт сияқты кейіпкерлерге қарап, Айканың бұлыңғыр болашағынан қылтиған сәуле сияқты үміт күтесің.
Бірінші күнінде Айка босана салысымен баласының бетіне де қарамай перзентханадан қашып шығады. Бірден жұмыс орнына барып, ауыр еңбекке жегіледі. Сол күні-ақ жұмыс берушілер алдап, еңбек ақысын бермей кетеді. Содан ол жұмыс іздеуге кіріседі. Айка босанған күні Мәскеуде бұрын-соңды болмаған қар жауып, шаһар қарға малшынып жатады. Түрлі есіктерді қағып, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп жұмыс сұрайды. Тіпті арасында қар күреуші болып та көреді. Алайда жаңа босанған жас әйелдің денсаулығы мұндай ауыр жұмысты көтермейді. Амалдың жоқтығынан заңсыз істейтін дәрігердің көмегіне жүгінеді.
Кейіпкердің телефонына үнемі дамыл жоқ. Біреулер хабарласып, берешектерін сұрайды, әпкесіне өзінің қайда жүргенін өсімқорларға айтпауын сұрап жатады. Ол үнемі дәрі ішіп жүреді. Жас әйел өзінің кішкентай нәрестесі бар екенін ұмытқысы келсе де, жолында кездесетін түрлі жағдайлар оған өзінің ана екенін есіне түсіре береді. Бірақ оның өмір сүруі үшін, мақсатына қол жеткізу үшін бала кедергі келтіреді деп ойлайды және ол баланы қаламаған. Бірақ Айканы өз баласын тастап кеткені үшін де, оны кейін сатпақ болғаны үшін де кінәлай алмайсың.
Өмір үшін күресіп, дамыл таппаған кейіпкер үнемі асығыс. Кейіпкермен бірге көрермен де асығып отыратындай. Асыға отырып, қиналасың. Айкамен бірге қиналасың. Айкамен бірге өмір үшін күресесің. Көрерменін өзіне елітіп, кейіпкердің жандүниесіне кіріп кететіндей еткен актриса Самал Есләмованың еңбегі мен талантының алдында бас имеске шара жоқ. Фильм режиссеры С. Дворцевой Самалдың рөлін «ерлікке» балайды. Ол бір сөзінде кинода Айканың қар кешіп, мұз теріп, малмаңдай су киіммен жүргенінің барлығы кино үшін жасалған жұмыс екенін айтқан еді. Сондай-ақ ол ашылу салтанаты кезіндегі сөзінде: «Тек қана Ресей немесе Қазақстан үшін ғана емес, барлық бұрынғы Совет Үкіметінде жүз жылда мұндай жүлдені ешкім алмаған және бұл жүлдені қазақ актрисасы алып отыр. Сондықтан бұл қазақ халқының, қазақ актерлерінің жүлдесі», – деді.
Самалдың кейіпкері соңында қарыз болған адамдардан құтылу үшін баласын айырбастауға бекінеді. Алайда ол расымен де мұндай қатігез қадамға бара ма, жоқ па жұмбақ күйінде қалады. Режиссер жас әйелдің қандай қадамға баратынын пайымдауды көрермен еншісіне қалдырған. Дворцевой «Канн» фестивалі кезінде журналистерге берген сұхбатында: «Ерекше құбылыс әрқашан көп мағыналы болады», -деп түсіндірген еді. Сондықтан, Айка құрсағын жарып шыққан сәбиін зұлымдардың қолына ұстатып қоя бере ме, жоқ па екенін көрермен өзі шешеді. Дегенмен, фильм соңында Айканың көз жасына ерік бергенінен шын мәнінде оның аналық сезімі бар екенін білдіріп, жас әйелдің ары қарай күресуге итермелейтін сияқты.
Режиссер фильмнің толық біткенін айтқан дедік, фильм техникалық жағынан расымен де мұқият жұмыс істелгені көрініп тұр. Азды-көпті маңыздылығы бар әр кейіпкер өзінше еркшеленіп тұрғандықтан, кинода ойнаған әр актерге мән беріліп, жіті ойластырылған.
71-ші «Канн» фестивалінде үздік әйел рөлі наминациясын жеңіп алған «Айка» фильмі 6 жыл көлемінде түсірілген. Бұл Самал Есләмова ойнаған екінші кино. Актриса «Айкаға» дейін С. Дворцевойдың «Тюльпан» фильмінде жас балалары бар, малшының әйелі рөлін сомдаған. Самал актрисалық тәжірибесінде тек Сергей Дворцевойдың осы екі фильмдерде ғана ойнаған. Жалпы бұл картиналарға Самал 11 жыл жұмыс істеген. Ал Сергей Дворцевой бар-жоғы үш фильм түсірген. Ең алғашқы фильмі қысқа метрлі «Счастье» – 1995 жылы шығып, көптеген жүлделерге ие болған. Одан кейін 2008 жылы «Тюльпан» деген картинасы да «Канн» фестиваліне қатысып, «Ерекше көзқарас» наминациясы бойынша жеңіске жеткен. Ал «Айка» режиссердің үшінші фильмі.
Almaty film халықаралық кинофестивалі қала әкімдігінің бастамасымен өтіп отырған шара. Фестивальге 10 фильм қатысып отыр. Олар «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үдік актриса» аталымдары бойынша марапатталады. Конкурстан тыс 21 фильм көрермендер назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар фестиваль аясында «Тұлпар» Ұлттық сыйлығы беріледі.
Балжан Жеңісқызы