Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыға жұмыс сапарымен келді. Өңірде коронавируспен күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Arasha.kz ақпарат агенттігі Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Кездесуде қазіргі эпиджағдай және коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін талқыланды.
Алексей Цой Алматы медициналық активінің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды, оларды коронавирус инфекциясының одан әрі таралу қаупін жою үшін қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
«Жедел резервтік аурухана қуатын арттыру, КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуін бақылау алгоритмдерін әзірлеу, қаланың ересек халқын барынша қамту үшін вакциналардың қосымша көлемін жеткізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек»,- деді Алексей Цой.
Министр КВИ жағдайларының бақылаусыз өсуіне әсер ететін коронавирус ошақтарын уақтылы анықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, КВИ-ға қарсы күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысының қорытындысы бойынша министр А.Цой шектеу шараларын қатаң сақтауды, барлық бағыт бойынша инфекцияны оқшаулау жұмысын күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, 25 наурыздағы жағдай бойынша Алматы қаласында COVID-19 жұқтырған 31 307 науқас және ықтимал COVID-19 (ПТР -) диагнозымен 5 498 жағдайы тіркелді. 559 адам қайтыс болған.
Соңғы 7 күн ішінде 100 мың тұрғынға шаққанда КВИ+ сырқаттанушылық көрсеткіші – 141,0 құрады, RT репродуктивті саны 1,11 құрады. Соңғы тәулікте КВИ+ 341 жағдайы тіркелді, өсім 1,1 құрады.
Аурудың ең жоғары көрсеткіші Бостандық, Әуезов, Медеу және Наурызбай аудандарында тіркелді.