25 қаңтар күні Алматыда «Экологиялық генетика мен экспериментальды биологияның өзекті проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Биология ғылымдарының докторы, профессор, ХАА және ҚЖМ ҰҒА академигі Биғалиев Айтхожа Биғалиұлының 75-жылдығына арналған бұл шараны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті биология және биотехнология факультеті молекулалық биология және генетика кафедрасы ұйымдастырып отыр.
Бұл халықаралық ғылыми жиынға Қырғызстан, Ресей елдерінен, сонымен бірге Хиросима университетінің (Жапония), Мардок университетінің (Австралия) ғалымдары қатысады. Экологиялық генетика мен экспериментальды биологияның өзекті проблемалары қаралатын конференцияға Ақтау мұнай-газ және инжениринг университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік аймақтық университеті, Х. Досмұқамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Ахмет Яссауи атындағы ХМУ, Шымкент облыстық жедел жәрдем клиникасы сияқты оқу орындарының ғалымдары да бас қосады.
Жиын барысында зерттеуші-ғалымдар «Каспий теңізінің Қазақстан жағалауындағы тұрғындарының денсаулығына техногендік әсерін бағалау», «Дамудың туа біткен ахаулары: пайда болу көздері, себептері мен механизмдері, заманау көрінісі», «Эволюциялық морфологияның қазіргі проблемалары», «Қоршаған орта жағдайларының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы гнус мәселесіне көзқарас», «Медицинадағы білім деңгейін жоғарылату жолдары», «Емтихан кезіндегі стресс және оны зерттеу мен коррекциялау» және басқа да өзекті әрі күрделі тақырыптарға баяндамалар жасайды.
«Экологиялық генетика мен экспериментальды биологияның өзекті проблемалары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Биғалиев Айтхожа Биғалиұлының 75-жылдығына арналып отыр.
Айтқожа Биғалиұлы Қазақстанда экологиялық проблемаларды, өнеркәсіптің, әскери полигондардың табиғатқа, адамға тигізетін зиянды әсерлерін зерттеумен айналысты. Ядролық сынақ алаңдарына іргелес орналасқан аудандарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеп қана қоймай, зерттеу нәтижелерін көпшілікке жеткізіп, алыс-жақын шет елдерде болған кездерінде ядролық сынақтардың Қазақстанның табиғатына тигізген зиянын, Қазақстан халқына әкелген қасіретін жария етуге ат салысты. Ақын-жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ұйымдастырған антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының жұмысына да өз үлесін қосты. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Айтқожа Биғалиұлы 1992-2002 жылдары Лондонның Мидлсекс университетінде шақырылған шетелдік профессор ретінде сабақ беріп, «Royal Society Fellowship» грантын ұтып алды (1996 ж.), Британ экологиялық қоғамының толық мүшесі (1996 ж.), ЮНЕСКО жанындағы Экологиялық білім беру комисиясының Еуропалық комитетінің мүшесі (1995 ж.), Еуропалық одақтың ғылыми жобалар бойынша комиссиясының сарапшысы (1995 ж.), Халақаралық Ақпараттандыру академиясының толық мүшесі (1994 ж.) болып сайланды.
Профессор А.Б. Биғалиев 7 монография мен бірнеше оқулықтың, 300 -ден астам ғылыми мақаланың авторы (оның 50- астамы ағылшын тілінде ). Ол 1970 ж. В. И. Ленин 100 ж. мерейтойына арналған медальімен, 1974 ж. – «КСРО Денсаулық сақтау үздігі» Белгісімен, 1987 ж. – «КСРО Білім беру үздігі» белгісімен, 1990 ж. – «ҚР Білім беру үздігі» белгісімен, 2005 ж. – ҚР «Құрмет» Орденімен марапатталған. Ал 2009 ж. – ҚР «ЖОО Үздік мұғалімі» грантын иеленген.
Зарина Инелова,
биология жане биотехнология факультеті деканының орынбасары, б.ғ.к., доценті,
Жанар Чунетова,
молекулалық биология және генетика кафедрасының оқытушысы, б.ғ.к., доцент
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024